ЖЫР ДҮЛДҮЛІ
Кетті бір ақын, өтті бір ақын өмірден,
Ақжарма жыры ақ жауын болып төгілген.
Еңсесін иіп, елім деп дәйім егілген,
Сәт-атам кетіп, қабырғаң халқым сөгілген.
Толғандай еді-ау, ортайған көңіл кесесі,
Болғандай еді-ау, сарайы сөздің десе осы.
Шетпеде мынау шығады менің алдымнан,
Құшағын жайып, Сәттіғұл ата көшесі.
Қауызын жарып, ұмтылды тынбай өрге үміт,
Кеудемде менің сезімнен жойқын сел жүріп.
Тұлпары жырдың келердей Тұщықұдықтан,
Ақшағыл құмға қарадым қанша телміріп.
Қолтықты сөгіп, көсіле шауып көрелік,
Бізге де біреу айтатын шығар төрелік.
Томағаңды алып, алқалы топқа салатын,
Мәтжандай бір шал керегіп жүр-ау, керегіп.
Аталар сөзі, түспесін ақау арнаңа,
Жанарды арбар, жан-жағым толы жарнама.
Ұлағат берер ұмытып баба мұрасын,
Айырбас жасап кетпесе болды саудаға.
Сапарлап жүріп тіршілік атты соқпақта,
Жөн шығар, алған, дария жырды жоқтап та.
Сәттіғұл атам ұстатып кеткен тізгінін,
кейінгі толқын, көшіңді енді тоқтатпа!