26.07.2022
129
ТАМЫРЫМ СЕНСІҢ, ТУҒАН ТІЛ!
Қашан да тілге табынып өскен,
Ананың айтқан әлдиіменен.
Қазағым талай дауылды кешкен,
Бабаның тартқан сан күйіменен.
Өзегі тіл ғой, өнердің алтын,
Уызын еміп нәр алып едік.
Дегенге, қайтып сенермін халқым:
«Қуаты тілдің барады кеміп...»
Беретін тілім, бір екпін маған,
Жаңбыры едің дала кеудемнің.
Қыңсылап қоймай, жүрек тырнаған,
Тіміскі төбет-қала ма-ерген мұң?!
Сыналап кірген, шұбарлап тілді,
Сөздердің құрған торын үземін.
Ұшпаққа шет ел, шығармақ кімді?!
Жетеді іздер жоғымыз, елім!
Күттірген, келіп, тұр кезің міне,
Желкенін енді қомдасын кемең.
Бүршігін жарған бір сөзіңді де,
Білмейтін қазақ болмасын деп ем...
Тіліне жаны тұрған жылымай,
Намыссыз адам – бір шірік алма.
Тамырым едің, туған тілім-ай,
Тілімсіз, сірә, тіршілік бар ма?!.