26.07.2022
  137


Автор: Медет Дүйсенов

ТҮНГІ КӨБЕЛЕКТЕР

Түнгі далада, отырмын жағып алауды,
Жатқандай сонда жастықтың әні қалаулы.
Сағыныш болып санамда сағымдай сырғып,
Іздегенменен сол шақтың табыла ма аулы?!
Жүрекке жетіп бір жылу нұрмен ағылып,
Жұбататындай жанымды жүрген жабығып.
Отқа шүйлігіп, тұс-тұстан түнгі көбелек,
Қаптады-ай келіп, кеткендей түннен жалығып.
Шарқ ұрып жүр-ау, шығатын көргелі күнді,
(Ойыма алдым опынып, өлмек ұғымды...)
Көзсіз көбелек сияқты,
ессіз ғашық боп,
Аруға қалған айтылмай, тербеді мұңды.
Жыландай арбап сүп-сүйір тілі жалынның,
Көбелек біткен айналып жүрді жарығын.
Қызыл шоқ болған қызулы оттың көмейі,
Жұтып та қойды, байғұстың бірлі-жарымын....
Тәрізді, түздің жемтікке талас аңдары,
Түнде де осы тынымсыз, қарасаң бәрі.
Сынайтын сынды, шыдамның санын шымшылап,
Шақырып мені өзіне қала шамдары.
Көбелектер-ай... дейсің бе, өлең етті құр,
Сендерді көріп көңілім елең етті бір:
Өмірдің отын фәниде өлгенше сүйіп,
Қимай да қимай кетерсің, көбелек-ғұмыр!..
Қап-қара тондай, жапанда жамылып түнек,
Отырмын әлі, тағдырға ағылып тілек.
Қараңғы түннің қампитып қарынын мынау,
Алау да сөніп барады, тамызық тілеп...





Пікір жазу