26.07.2022
93
ЖОЛДАР
Ойхой, жолдар, керілген таспалардай,
Жетеледің ілгері, жастан арбай,
Сені көрсем серпіліп, сергіп қалам,
Бар қуаныш өзіңнен басталардай.
Қадіріңді табиғат біліпті анық,
Дала төске, асқар тау иыққа алып...
Сендерсіңдер – қозғалыс жылнамасы,
Қастерлейді сондықтан сүйіп халық.
Біреулерді кетесің биікке алып,
Біреулерді жетесің ұйыққа алып.
Жолаушының мұң менен шаттығына,
Куә болу – еншіңе тиіпті анық.
Бұлақтардай бұраңдап, таратылып,
Сан тарау боп жатсыңдар, оратылып.
Кейде сен де бастайсың жолсыздыққа,
Әтеген-ай, атың жол бола тұрып!
Саған қарап, қалайша күй ұқпалық?
Өмір-сапар, өтерміз күйіп, налып.
Ей, жолдарым, арманға бет алғанда,
Үмітімді үзбеңдер, тұйықталып...