ЖАҢҒЫРЫҚ
Қар бүрікті қабақтан,
Желтоқсанның аспаны.
Жалғандықтың жағасын,
Жыртты қазақ жастары.
Найза сынды намысы,
Ару қыздар ашынған.
Бодандыққа бұрымын,
Бұғалық қып тастады.
Ұрандаған ұланым –
Барыс-тұғын атылар.
Теңдік тұрды теңселіп,
Заты жоқ та, аты бар...
Құлқы жаман қан ішер,
Қаптағанда құзғындай,
Қарсы қарғып Қазанат,
Тайқып шықты Татылар.
Кеуделерін қан бояп,
Құлағандар қырылы...
Сынып түсті шашылып,
Алтын айдың сынығы.
Қарауытып шықты да,
Көктөбенің қырына.
Көкбөрінің елесі,
Көкке қарап ұлыды!..
Қара нөсер сөндірді,
Қызыл шоқты қоздаған.
Басты, алып бауырға,
Боздақтарын боз далам.
Қайғы жұтып қапыда,
Қалды ана, қалды жар...
Жоқтап өлген ботасын,
Бозінгендей боздаған.
Қара түндей қасірет,
Кіріп алды кеудеге.
Қара жердің құрсағы,
Құрбандыққа кенде ме!?
Ажал әнін сарнатқан,
Жан-жүйені жауратқан.
Желтоқсанның желінен,
Шайқалды ғой, ел-кеме!
Шайқалды ғой сезімдер,
Төзім-сүйек мүжіліп.
Кетті сонда сенімнің,
Соңғы тіні үзіліп!
Бұрыштарда жан бағып,
Бұғып қалды қаңбақтай.
Бұқараға қараған,
Бұқа бұлттар сүзіліп...
Көңіліме түседі,
Көлеңкесі сол күннің.
Көк есекті қойшы сол,
Ойлап...өзім болдырдым.
Көп адамнан бақытты,
Болған шығар шамасы.
Ұшақ мініп қыдырған,
Қасқыр иті Колбиннің.
Көз жасындай мөлдірер,
Лайланған тұнықтар.
Орман өсер, орнына –
От оранған шыбықтар.
Еркіндікті ел алған,
Оңай олжа көретін,
Кісімсінген, бүгінгі,
Ұғынар ма, Ұлықтар!?
Дәйім алдан тұрғай да,
Шуақ шашқан таң күліп.
Жай таппайды жүрегім.
Жыл келгенде жаңғырып:
Қоңырауын қағады.
Жадымдағы жаңғырық,
Миға мөрдей басылып,
Тіл қатады мәңгілік!-
Жаңғырық... жаңғырық...