26.07.2022
  119


Автор: Медет Дүйсенов

АЙЛЫ ТҮНДЕ

Ақ қайыңның аясынан күлкі ұшып,
Сері самал жапырағын жүр құшып.
Ай арудың моншағы ма шашылған,
Шөп басында жалтыраған түнгі шық.
Дөңгелек жүз ай сұлуға «құрбым» деп,
Кетті менің алтын сырға ілгім кеп.
Жымыңдаған жұлдыздарға қараймын,
Алқара көк аспан төсі тұр гүлдеп!
Көрінеді ойнақтаған аттар құр,
Керіледі мамыражай мақпал қыр.
Секілді ме, анау сырлы ақ айдын –
Жүрегімде шалқып менің жатқан жыр?!
Айлы түннің құшағында бал тамған,
Көк шалғынға құлай кеттім шалқамнан.
Ақ періште махаббатым болып кеп,
Қос қолымнан ұста-дағы тартшы арман?..





Пікір жазу