26.07.2022
  87


Автор: Медет Дүйсенов

АҚ КӨБЕЛЕК ДӘУРЕН-АЙ...

Жадымдасың, жастықтың жасыл бағы,
Ақ құба қыз, армысың, асыл жаны!
Қолаң шашқа қонған бір ақ көбелек
Сияқты еді-ау, ақ бантик шашыңдағы.
Шуағымен ып-ыстық елжіреткен,
Содан бері қаншама келді көктем.
Көрінбейді ақ бантик бұл күндері,
Желмен бірге кеткендей желпіп өткен.
Жеткізе де алмаспын жазып тіптен,
Сұлу сымбат, ай маңдай жазық біткен.
Өтіп бара жатасың жалынға орап,
Ұяң ғана жымиып нәзіктікпен.
Бойжеткенсің, көркіңе көз қанады,
Оятасың бұйығы бозбаланы.
Әсем бе еді басыңда алаулаған,
Ақ көбелек дәуреннің озбағаны?!
Талай ақ қар даланың жапты өңірін,
Еске алғайсың балауса шақты елігім...
Табиғаттың заңы ғой,
бәрі өзгерер,
Өзгермесе болды да, ақ көңілің!





Пікір жазу