26.07.2022
92
Мүсіні боп мейрімнің...
Мүсіні боп мейрімнің,
Көз алдымда қалды анам.
Түсіме еніп кейбір күн,
Мәз боламын, алданам.
Сонау жылдар...
ағам да,
Оралмады майданнан.
Тек сол болып даламда,
Сипады жел айдардан.
Жетпей арман шыңына,
Көз жұмды ерте бір досым.
Қандым, қайғы уына,
Қалдым тігіп жыр қосын.
Түрем мұңның түнегін,
Сонда-дағы нана алмай.
Елегізіп жүремін,
Ертең келіп қалардай...
Бірде күндей күліп мен,
Бірде бұлттай егілем.
Сағыныш пен үміттен,
Жаралғам-ау, тегі мен.
Күн шуақты қолдарды,
Нұрлы өмірден көп көрем.
Кілт үзілген жолдарды,
Жалғастырсам деп келем!