26.07.2022
  66


Автор: Медет Дүйсенов

Шіркін, қандай аспаным тұнық еді...

Шіркін, қандай аспаным тұнық еді,
Көтеріп ап сүйеді күні мені.
Сымбатымен сиқырлап сұлу дүние,
Жанарымды жетелеп жүгіреді!
Соны көріп кетемін тебіреніп,
Шабыттанам желпінген желіне еріп.
Қызулы оттан балқығасындай,
Жаным иіп тұрады еміреніп.
Аруларға айтылған назымменен,
Сазымменен аңсаған, жазылды өлең.
Қараймын да гүл құшқан айналама,
Жастығымның шуақты жазын көрем.
Далада өстім, қайнарын қанып іштім,
Самалы ессін сазымнан, сағыныштың.
Болмас еді-ау арманым
Алау жырдан
Жүректерге жетсе егер барып ұшқын.
Көк байрақтай бұлқынған қанымменен,
Жырға айналса осынау жалын денем!
Өтер едім өкінбей, кетер едім
Туған елге бағыштап бәрін де мен.
Деумен келем, бір күйім тартылды-ау кем,
Тұрмас мәңгі басымда жарқын дәурен.
Мынау ғашық көздердің аясында,
Ей, жырларым, маздай бер, жарқылдаумен!





Пікір жазу