26.07.2022
111
АҚЫН
Оның өзі – бұл заманға «бөтен» аң!..
Осындай сөз айтып еді Өтежан...
«Жас алпыста, Ақылым жоқ.Неге?» - деп,
Мен де өзіме сұрақ қойғам шегелеп!..
Ширауы кем, жиі үзілгіш жіптей бір
Әттең, маған бүтін ақыл бітпей жүр!..
Ақыл қонса – мен де пысық болар ем,
Дәулет жиып, семірер ем, толар ем!..
Анығы сол – маған ақыл бітпейді,
Отбасым да менен оны күтпейді!..
Ақындықпен қоштасатын мен емес –
Шайтандықпен достасатын мен емес!..
Данышпандық тұғырына қонбаққа
Талай ақын жүгіріп жүр –«болмаққа»...
Бірақ, оған жібермейді ақылы –
Босатпайды боқ – дүние тақымы!..
Ақындық пен өтірікті жалғауға –
Жаралмаппын адамдарды алдауға!..
Құдай куә, бұра сөйлеп, азғам жоқ
Әлі күнге жалған өлең жазғам жоқ!..