26.07.2022
  86


Автор: Мырзатай Болат

АЙНАЛМА

(Экологиялық өлең)
Каспийім – суымды алды...
Жүрегім – жырымдалды!..
Теңізім - өкпем еді...
Тынысым – тығындалды!..
Мұнара – нөпір еді...
Өгіздей өкіреді!..
Суымды былағайлап –
Езуі көпіреді!..
Көпіріп, жын шашады –
Лоқытып, у шашады!..
Балықтың демі құрып –
Тыпырлап су шашады!..
«Қарама бетіме!» - деп,
«Өзі өлген бекіре!» - деп...
Теңізден әлдебіреу
Ыржияр кекірелеп!..
Жағаға – көлік келді...
Біреулер төгіп терді –
Сүйрелеп шетке қарай,
Өртеп жүр өліктерді!..
Теңізім – тынымды алды...
Қанша жыл – күнің қалды?!.
Дүңкиген өлі итбалық –
Жағада мұңым қалды!..
Айдыным – тұл көрінді...
Қабағың – зіл көрінді...
Аққуым сынық қанат –
Сүйрей тұр сүлдеріңді!..
Көз жазып егізіңнен –
Айрылсаң теңізіңнен...
Маңғыстау, Сен қаларсың –
Балықтай демі үзілген!..
Каспийің тулап-толып –
Жатар ең бұлдап көрік!..
Бір күні қалармысың
Тақырда – тулақ болып!..
Маңғыстау – қайран анам!..
Бақытың тайған анам!..
... Бұл жерге неге келдім?..
Кеткенде – қайда барам?!.




Айналма* - қой ауруы





Пікір жазу