26.07.2022
  116


Автор: Мырзатай Болат

ӘНШі

(Әбіл Жұмағалиевқа)
Қарайлап аққан жылдар тізбегіне,
Жәутеңдеп өткен күннің іздеріне...
Уақыттан – шылбыр үзіп кету қайда?..
Алпысқа құрық бердік біз де, міне!..
...Жас едік, көктем едік... көп жыл бұрын...
Онда да дәл осындай -жазғытұрым!..
Шетпеден -Жетібайға Әбіл келіп –
Көрсетіп кеткені бар әннің «түрін»!..
Сол күні біздің үйге Әбіл келді –
Сағынтып көптен күткен бауыр келді!..
Дарылдақ көп әншінің біреуі емес


Сапырған ән мұхитын дауыл келді!..
Қос кемпір: бірі- апамыз, бірі – шешем,
Басқаға болмағанмен, бізге – көсем!..
Көз көрген ағайынды сұрап жатыр:
«Қарағым, жүрсің бе,-деп,- аман-есен?..»
...Дауысы - көктей өтіп шаңырақты –
Ұзамай Әбіл әнді аңыратты!..
Жас алып, көздеріне, көңіл босап –
Қос кемпір арманды сөз жамыратты!..
Ән шіркін ағып жатты серпінменен –
Үн қосып, сал-домбыра еңкілдеген!..
Білмеймін, ән соқты ма, жел соқты ма –
Түндігі ағаш үйдің желпілдеген!..
Өзім де үйге сыймай – тыншым кетіп,
Ән-дауыл жүрегімді дүрсілдетіп...
Қиялдың аспанына сапар шектім


Арманның желмаясын бүлкілдетіп...
Шегіне жетпесем де байтақ әннің


Мен сонда шын Әбілді байқағанмын!..
Бораш пен Өткілбайым* тірілгендей


Көңілдің көк теңізін шайқағанмын!..
Сен солай шертіп едің жүрек қылын...
Бүгінде сол шіркінің жұлым-жұлым!..
Арман не ертең-күнге шыдас берсе


Әбіл-ау, сенің әнің, менің жырым!..





Пікір жазу