
БАҚ ҚАЙДА?..
(Қалбай Әбдіраманға)
Әй, құрдас, ақын құрдас, Қалбай, Қалбай!..
Қазақтан шетте жүрдің шалғай-шалғай.
Көп көріп өнеріңді қарақалпақ –
Жеткенсің Маңғыстауға зарлай-зарлай!..
Ақын бар бұл қазақта жүз бәленбай!..
Өлеңін – соның көбі жүр баға алмай!..
Төлеген, Мұқағали көзіндейсің –
Отырам қазынаңа мін таға алмай!..
Жыр жазсаң – «қазағым» деп емірендің,
Теңіздей тербетілдің, тебірендің!..
Ішінде жүз ақынның – сазы бөлек!..
Құрдасым – арыстанжал, сені көрдім!..
Жүрмейсің жиындарда өсіп-бөсіп,
Қулықсыз қарағымсың ашық-тесік!..
Лақтырып отырғаның жүрегіңді –
Отына өлең- жырдың кесіп-кесіп!..
Жалғанның қызылына қызықпадың –
Жұқардың асыл сөздің тізіп дәнін...
Кетпесең жарар еді дәруіш боп –
Тастадың былайғының сызып бәрін!..
Алтыным – келе жатқан бағаланбай!..
Бақ қонды пысықтарға – саған аумай!..
Қоясың ыңыранып анда-санда –
Қан толған көздеріне жаралы аңдай!..