26.07.2022
  234


Автор: Мырзатай Болат

АПАҚ-САПАҚ

Күн батып, бара жатыр көз байланып,
Көршілер отыр едік сөзге айналып...
Оқыстан бір әйелдің даусы шықты –
Жол жақтан зар илеген ойбай қағып!..
-Баламды қу машина кетті қағып!..
Әнеки, көз ұшында барады ағып!..
Артыңда қасқа қылып қалдырғанша –
Алмайды мен бейбақты Құдай не қып?..
...Деп зарлап жол үстінде әйел отыр,
Жөңкіліп, жұрт жүгірді апыр-топыр!..
Тілегін бір қыршынның кесіп кетті-ау –
Іңірде жын қуған ит көңілі соқыр!..
Жұбатып бейшараны зар қамаған,
Мүрденің басында жүр аңдап адам!..
Өлімі бүгінгінің апақ-сапақ –
Аспаннан айды көрдім қан жалаған!..





Пікір жазу