26.07.2022
  105


Автор: Мырзатай Болат

ҚАЙШЫЛЫҚ

Қашанғы шерте берем мұңшыл өлең?..
Еңсемді түсірді ғой гүлсіз өлең!..
Тырышқан шал-кемпірдей түрсіз өлең –
Қабағы ашылмаған күңкіл - өлең!..
Түрім бар – бүгін тағы жыр тілеген,
Жеттің бе, ақ жауыным, сіркіреген?..
Ағады сарайымда бүлкіл өлең,
Мінеки, келіп қалды түртіп өлең!..
Тұрғанда жан-жүректі шымшып өлең –
Толғанда көкірекке шүмпіп өлең...
Жазып бір тастайыншы күлкілі өлең!..
Деп біраз қаламымды сілкілегем!..
Ұзамай шыға берді үркіп өлең!..
Болмасты - болмайды екен түрпілеген!..
Біздерге – бөтен екен күлкі деген!..
Біреудің ойнамайын мүлкіменен!..
Қойдың-ау отқа салып, шіркін өлең!..
Дос қылып ащыменен – сілтіменен...
Кеудеме қамап сені тастар едім –
Болса, егер, үнсіз өлең, тілсіз өлең!.





Пікір жазу