
«ШАЛ ЕМЕСПІН – ШАЛҒЫМЫН...»
Кемпірім күңкілдейді: - Алжығыр! – деп,
-Байлама құйрығыңа қалжуыр! – деп...
-Мен өзім туылғаннан кінәз* едім,
Қалайша отырамын жаужұмыр жеп?!.
Сен мені оқытпашы, Айман – шырақ!..
Әуелден таңдағаным – майдан-сынақ!..
Қартайса – тән қартаяр, жаным барда –
Мұндайға отырайын қайдан шыдап?
Тұтқасы дүниенің әкім деп ең?..
Шалыңды: - Бас сағаттап жатыр! – деп пе ең?..
Иттермен ұғысар ем – ит емеспін,
Соларға талай-талай қапым кеткен!..
Қаланың қызы емеспін, алма жеген...
Анамыз: - Ұл тудым!.. – деп қалжа жеген.
Өсірген кәрі шешем қайсар қылып,
Ар сатып, байымадым саудаменен!..
Жақсыға – ақ жаңбырдай себеледім,
Жаманға – асау аттай тебегенмін!..
«Шалғымын – шал емеспін, шауып кетем!..»
«Шал» десең – он жыл бұрын неге келдің?..
Бұл Айман – тапқан екен шалды бұққан!..
Жалғанда біреу бар ма жанымды ұққан?..
Шал болсам – қос тентекті кімнен тудың?..
Емес-ау көктен түскен, жерден шыққан!..
Білесің, екі-үш жылдан үстім қотыр,
Жұқпалы кесел емес, адам шошыр!..
Бұл өзі - әкімдердің «сыйлығы» ғой,
Ішіме сыймай, сыртқа шыққан нөпір!..
Сапырап саясатты қоқыр-соқыр...
Жүйкені қара қарға күнде шоқыр!..
Демалсын бір азғантай алтын тәнім,
Сен кемпір, қышындырмай, жөніңе отыр!..
Шалменен – кемпір сірә жау болады!..
Арада сәлдекейден* дау болады!..
Дегенмен, аналардан бұл да жеңіл,
Салыстыр: қарақұрт пен қандаланы!..
Бұл міне – маңдайыма мөрім білем!..
Шалыңды іздей көрме төгіндіден!..
Қоғадай жапырылу қолдан келмес:
Не істеймін?.. Не қоямын?.. Өзім білем!..
Білерсің қадірімді өлгенімде,
Ел-жұртым «Мешітбайға» көмгенінде...
Жыларсың: - Қайтпай ұшқан қаршығам!..- деп
Артымнан жоқтау айтқан сөздеріңде...
Болғасын мекен басқа, тұрақ бөлек,
Естілмес, сірә даусың құлаққа кеп...
Басыма әкімдер де барар мүмкін:
-Өлгені қырсық шалдың рас па?.. – деп!
Кінәз* - төре, кірпияз деген мағынада.
«Шал емеспін – шалғымын, шауып кетем!» - сатирик Оспанхан
Әубәкіровтың сөзі.
Сәлдекейден* - «сәл нәрседен, сәл заттан» деген мағынада.