26.07.2022
113

МАСКҮНЕМНІҢ ӨЛЕҢІ
Бір күні көк теңізге жылап бардым –
Жұбаныш қу жаныма сұрап бардым!..
Айқайлап ол да жылап жатыр екен
Қаңғының тыңдамады сұрақтарын!..
Білмедім не істерімді қалбалақтап,
Жүрдім де әрі-сәрі сандалақтап:
«Мас болып жатыр екен бұл теңіз!..» -деп,
Қалама бет түзедім қаңғалақтап!..
Үйім жоқ, жұмысым жоқ жүріп тұрған –
Қалада нем бар мені қызықтырған?..
Қоянша басқа теуіп қатын-бала –
Құдайым қу заһарға құнықтырған!..
Осы ма деп жүргені. «Өмір – балдай!..»
Барады көнім кеуіп, төзім қалмай!..
Адамға сандығы жоқ біз бір сүлде –
Жалғаннан өтіп барам шөлім қанбай!..
Ойым бар у татыған көкейімде:
Тағы да теңізіме жетейін бе?..
Жүргенше жұрт көзіне салық болып –
Біржола балық болып кетейін бе?!.