26.07.2022
92

СЕКІЛДІ
Ақын ем киелі құс – қу секілді!..
Бос қуыс - өткен ғұмыр құр секілді!..
Желбіреп кете алмадым Ту секілді!..
Жарқырап бір шықпадым Күн секілді!..
Арманым – таусылмайтын мұң секілді,
Жігерім – шашылады құм секілді.
Аспан-жер – мағынасыз шу секілді,
Күндерім – бетіне аққан су секілді!..
Тапқаным – берекесіз пұл секілді,
Оны да біреу ұрлап жүр секілді!..
Баққаным – қайыры жоқ ұл секілді,
Татқаным, тамақ емес, у секілді!..
Заманым – ұстатпайтын сұм секілді,
Сол сұмға біздің ерік құл секілді!..
Көңілі бұл қазақтың кір секілді –
Тағдыры жар басында тұр секілді!..
Қатарға басы жарты ұрпақ келді –
Мәлімсіз не істейтіні – жын секілді!..
«Бақсының моласындай жалғыз қалдық! –
Айтқаны Абай шалдың шын секілді!..