26.07.2022
  87


Автор: Мырзатай Болат

КОТТЕДЖ

Нән шаһарда тұратын...
Сарай салды бір ақын!..
Күнін айтты «жуатын» -
Көрсетпекші қуатын!..
Бай – ақынды байқарға –
Құтты болсын айтарға!..
Шақырғасын - жөнелдік
Үлгі көріп қайтарға!..
Пысық деймін асылы,
Бүгінгінің ақыны –
Қол бұлғайды жалтырап –
Коттедждің шатыры...
Көп мақтаушы еді береуді.
«Мецанат,-деп,- жігерлі!»
Жеткен екен ақыры –
Тапқан екен тіреуді!..
Ісіміз жоқ өнжейлі*
Кім сыйласын мендейді?..
Сөзін сата білгендер –
Осылайша мөрлейді!..
Алабайлар* - шынжырда...
Маңайлама құрғырға!..
Жақындасаң – жаныңды
Жібереді жұлдызға!..
Қақпаны өзі ашқаны –
Жұртты мәз қып тастады!..
Жерді жарып кетердей


Алшаң-алшаң басқаны!..
...Қол-аяғы істіктей –
Жігіт еді жіптіктей...
Домаланып қалыпты –
Жүрген екен іш бітпей!..
Шүкір еді дарыны –
Өзгеріпті қалыбы!..
Құшақтаса бергенде –
Тіреп қалды қарыны!..
Таң қалдырды нән залы –
Жарқыраған шамдары!..
Табаныңда жол- кілем,
Қандай екен әр жағы?..
Алдымызға ас келді,
Бұрқыраған бас келді!..
«Мұндай болмас күнде той» -
Көзімізге «жас» келді!..
Ағы менен қызылы,
Қысқасы мен ұзыны...
Шөлмек келді жымыңдап –
Тойдың тентек – қызығы!..
Уылдырық бас-басқа,
Не жетеді жақсы асқа?!.
«Жаман қарын жарылсын!..»
Атқа қамшы бас, қасқа!..
Шұбат келді кеселеп,
Құйып жатыр еселеп...
Тәбет құрғыр тартпайды,
Біле алмадым – не себеп?..
Оркестрі дүмпілдеп,
Кілең дәулер күмпілдеп!..
Қошаметтеп ақынды –
Сөйлеп жатыр біртіндеп...
Ақын отыр күлімдеп-
«Бақыттымын бүгін»-деп
Ағыл-тегіл тілекті


Бойына енді сіңірмек!..
«Көрініп тұр жиғаны –
Қандай мұның иманы?..»
Деп отырсам, мәссаған,
Шыққан екен жинағы!..
Ашық-жарқын дидары


Жігіт қой бұл ибалы...
Бәрімізге қол қойып,
Бір-бір кітап сыйлады!..
«Достарыма – сырым» деп,
«Соңғы жазған жырым»- деп...
Сосын өлең оқыды
Қолды сермеп, гүрілдеп!..
Жуандарға төрдегі –
Қарап қойып өрледі!..
Сөзі дәмсіз демесең –
Еңбегі ғой, еңбегі!
Ақын емес – құлғана*
Қу шығыпты бұл бала!..
Қирап қапты өлеңі...
Тап келгендей зіл-зала!..
Өлеңінен әттең, із,
Қалмас, сірә, «қап» деңіз!..
Түсінеміз ақынды –
Есін алған коттедж!..
«Ғимараттың жан-жағы
Аман тұрғай» –арманы!..
Қорғанындай Қытайдың –
Қоршау енді салмағы!..
Мақтау жазғыш немеге –
Шарбақ деген немене!..
Мінер небір кемеге!..
Шығар талай төбеге!..
Ақша жасау – амалы,
Тайған екен табаны!..
Оны шыңға шығарар –
Салып қойған қамалы!..
Өлген екен бір ақын –
Коттеджде тұратын!..
Өлгені емей немене –
Боқташаққа құл ақын!..
Қожасына арнаған


Әнін айтып сарнаған!..
Кең сарайда нем бар ед?..
Болып шықты төр маған!..
Тоғышарлық билеген,
Мас қатынды сүйреген!..
Кісілігі күйреген –
Сыймай кеттім үйге мен!..
«Отыр, аға, отырлап!..»
Ақыным жүр лоқылдап...
Мазамды алып барады –
Ашу деген қотыр лақ!..
Коттедждің «күйіне»-
Түкірдім де биіне!..
Өзегімді от жалап –
Тартып кеттім үйіме!..
Қор болма сен, жақсы өлең!..
Абай жазған патша - өлең!..
Коттеджде шайыр жоқ,
Шын иеңді тапшы, өлең!..
Біразырақ қышқылдап,
Сөз сөйледім мысқылдап!..
Кір шалмаған жүрегім –
Отырам ба сыпсыңдап?!.





Пікір жазу