26.07.2022
  88


Автор: Мырзатай Болат

СОҚЫР АҚЫЛ

Қабағын жүрген кісі түйіп ерен –
Көшеден сол ағамды жиі көрем!..
Дәудірлеп анадайдан сәлем берем,
Қайтейін адам-тағы киік емен»..
Бұл ағам тоқтау бермес шамалыға,
Сөйлейді ашу жиып қабағына:
«Қадалсын – дейтін едім,-маңдайыма –
Інімнің кірген тікен табанына!..
Әлі күн ісің шала – тарыдайсың,
«Орыссың» ағайынды танымайсың!..
Білмеймін, көп оқумен – не бітірдің?..
Мұнымен туысқанға жарымайсың!..»
Сөздері көңіліме татымай түк,
Қараймын көзімді құр бақырайтып!..
Құдай-ау, қайта-қайта қолын сілтеп,
Ағам тұр үсті-үстіне ақыл айтып:
«Жүрісің кімге керек төресіген?
Үйіңнің су ағып тұр төбесінен!..
Ауылда жалғыз өзің – «Жаяу Мұса»,
Нарықтың қалып қойдың кемесінен!..
Тура сөз жеткізе ме мақсатыңа?..
Сөйлейсің жиналыста мәстатыңа*!
Газетте қалталыны мақтап тұрсаң –
Шығарар кітабыңды ақшасына!..
Көзіңді аш, айналаңа қара, бала!..
Бүгінде бақ береді – пара ғана!..
Ұрмайды кісілікті мына заман,
Құр босқа қанатыңды сабалама!..
Шұбырған мына жүрттың ісі – жүлік!
Тұрады берсең ғана – іші жылып...
Сені де Қожанасыр санайды олар,
Бетіңе қарағанмен - тысы күліп!.
Ақылды жатқанымен құйып ағам,
Бір сөзі қауағыма ұйымаған!..
Көрмеймін әңгімесін шыбын құрлы,
Не деген ақымақпын – «тұйық» адам!..
Жайыңа қоймас, бірақ «тасқын» ақыл,
«Болсам да неше батыр», састым ақыр!..
«Сөзіңіз – аузыңызда»»-дедім-дағы,
Ағамның «оқуынан» қаштым ақыр!..
Сөзімнің оны ұмытсам - болмас дәмі,
Сол еді ағайынның «қолбастары»!..
«Джиптен» түсіп жатыр шоң-ініміз,
Ол-дағы, қарап тұрмай сөз бастады:
«Белгілі талайларға атың аға!..
Өзіңе өкпелімін ақын, аға!..
Тойыма келмегенің - не болғаның,
Бұл інің жай адамды шақыра ма?!
Бүгінде атың керек елге тегі,
Оқытып мақтау өлең, желдетеді!..
Ініңнен қызыл сөзді аядың ба,
Көтерсең мәртебемді – нең кетеді?!.»
Ініміз қызарақтап, ісінеді –
Бұл да бір жаратпайтын «кісім» еді!..
Ақша алған есіл-дертін бейшараның,
Мұндайлар өлеңнен не түсінеді?..
Бұлар тек біледі ғой – алатынды...
Күмпілдеп, сайран құрып қалатынды!..
Келгенде кісілікке – бәрі ноқай!..
Пенделік базарында – бәрі ақылды!..
Сауысқан – кісімсиді-ау қарлығашқа!..
Қайтеміз бас ауыртып мандымасқа!..
Көшеге шыға қалсаң – кіл «данышпан»!..
Сөзімді қор қылдым-ау арзымасқа!..





Пікір жазу