АҚ ЖАЙЫҚ. ҚАРА ШАЛ.
Онда жұнттай жігітпін,
Шауып жүрген күлікпін!..
Барар жерге бөлгенде -
Атырауға іліктім!..
Алматыға «Қош!..» -дедім,
«Оқудан – қол бос» дедім.
Сен сұрама, мен айтпан –
Көңіл шіркін өскенін!..
Талай жерді аралап,
Қиял-құсым балалап...
Барып қалдым дәм айдап,
Ақ Жайықты жағалап!..
Дендер*деген жер екен,
Жайық – сумен телі екен.
Балық аулап нәпақа
Айыратын ел екен.
Жолдастарым – мұғалім,
Құрып ауын-құралын,
Балық аулап, тынбайды –
Судан тауып мұралын!..
Үлкен кәсіп – білгенге!..
Кәрі-жасы бір демде
Жағалауды толтырар –
Қызыл балық жүргенде!..
«Маңғыстаудың киігі»,
Су болардай киімі!..
Жар басында тұрамын
Біртүрлілеу - бұйығы...
Бекіренің бүйірі-ай!..
Тұмсығының сүйірі-ай!..
Қарық болған олжаға
Балықшының жиыны-ай!..
Асып, бірін қуырып,
Сорпасынан сіміріп...
Отырғанбыз қауқылдап,
Су азығын сіңіріп!..
Жанар оты қоздаған,
Қалжыңы бар тозбаған!..
Қуақы шал қиқиып,
Бағыттады сөз маған:
«Қалай, балам, хал?..»-деді,
«Ұялма, астан ал!..»-деді.
«Жайық толы балыққа –
Біздің осы мал!..»- деді.
Сөзі жағып жаныма,
Ерік бердім жағыма...
Менде қарап отырмай,
Тидім шалдың «шамына»!..
«Балық тимес жүрекке,
Ас екен ғой тыз етпе!..
Қампитқанмен қарынды –
Қайдан жетсін сүр етке!..
Бозашыда* - қырда өскен,
Өзен емес – құм кешкен!..
Шұбат ішіп, ет жеген,
«Басқа тамақ – құр!»-дескен...
Біздей шөлдің «аңына» -
Болмас бұдан – «мағына» -
Деп қоямын әзілдеп
Ақ Жайықтың шалына.
«Тез пісетін керім!»-деп,
«Асқазанға жеңіл!» - деп
Күліп жатыр ол-дағы
Әзілімді «желімдеп»...
Сосын тағы қоймайды,
«Баласымен» ойнайды...
Қармақ салып «суыма» -
Тереңірек бойлайды!..
«Оқу оқып, жөн білген,
Бала екенсің сөз білген!..
Айналайын түріңнен –
Жаман шалды көзге ілген!..
Сұлу қыз көп осында,
Көп кідіріп, тосылма!..
Таныссаңшы бірімен,
Көңіліңнің қошында!..
Тірі жаннан қорықпа!..
Аттан, бала, «жорыққа»!..
Біреу тисе – маған айт,
Жіберемін моргқа!..
Сүйгеніңді алсаңшы,
Осында бүр жарсаңшы!..
Күйеу болып Берішке,
Ақ Жайықта қалсаңшы!..»
Деп бір шалым сілтейді,
Қағып-жүрек шіркейді...
«Маңғыстауда не бар?..»-деп
Және бір сөз тіркейді!..
«Мұнда жетіп-толам ба?..
«Күшік күйеу» болам ба?..
Есім барда – елімді
Таппаймын ба, одан да!..»
Деп қаралай ұшынып,
Көзімнен от ұшырып!..
Атып тұрып орнымнан,
Шыға бердім сытылып!..
«Жастың ісі – шала»- деп,
«Өкпешілін қара!» - деп...
Күліп қалды қара шал;
«Мені досқа сана!..» - деп...
Уақыт желі арбайды,
Күнді-күнге жалғайды...
Шалдың сөзі әнеугі
Қыр соңымнан қалмайды!..
Талай тойға барғанмын,
Шырқап әнге салғанмын!..
Қайқылардан қайырып,
Балын жұтып жалғанның!..
«Кездесер - деп алдан кім?»
Және тойға барған күн...
Ақ шабақтай бір қызды
Жолықтырып қалғанмын!..
«Ақ шабаққа» таласып,
Ала көзбен қарасып...
Жүрген біраз жігіттер
Кетті ақыры жарасып!..
Ақ Жайықтың «шабағы»,
Үлпілдеген тамағы:
«Ағай – бала, қойшы!..» – деп,
Дірілдейтін қабағы...
Сол бір жәудір көзімді,
Үлбіретіп сезімді
Таптап кетпей, Құдай-ау,
Ұстап қалдым өзімді!..
Мен де айтпаймын: «Қалам!» – деп,
«Осында бүр жарам!..»- деп,
Ол да ашылып айтпайды:
«Маңғыстауға барам!..»- деп.
Сосын біраз жүрдім де,
Жинақталып бір күнде...
Жігіттерге «қош» айттым,
Бұйда-жібім түрдім де:
«Туған жерге қайылдық*
Жеңді, достар жайымды ұқ!..
Ренжіме, қара шал!
Болмай қалған қайын жұрт!..
Қош, өзенім – Жайығым,
Бар кішкене «айыбым»...
Маңғыстауға бұрыппын
Көңілімнің қайығын!..»
Сөйтіп, судан өткенмін...
Туған жерге жеткенмін!..
Қарыным ашып қалғандай –
Кезіктім-ау етпен мың!..
Не көрмеген сырттанмын!..
Заһардан да жұтқанмын!..
Отыз жасқа жетпей-ақ
Асқазанды құртқанмын!..
Ас жемеймін ұтылап,
Сыра да ішпен құтылап!..
«Балық болса!..» - деп қоям,
Еттің нанын шұқылап...
Әй, Беріш шал! Беріш шал!
Демепсің-ау теріс, шал!..
«Жеңіл»,-деп ең балықты,
Сөзіңде не кеміс бар?..
Сол шалымның білгені-ай!..
Балағымнан ілгені-ай!..
Суға мұрын шүйірген
Қайран жастық күндер-ай!..
Жаны жайсаң, жақсы адам –
Ерекше еді басқадан!..
Шал есіме түседі –
Ауырғанда асқазан!..
Жайығына – сыңар шал,
Өз елінде шынар –шал!
Мені талай толқытқан
Тәтті әзілге құмар шал!..
Белгісі еді ескінің...
«Көз жұмды!..» -деп естідім.
Иман тілеп қартыма –
Дұға қылдым кешқұрым.
Жігіт едік жұлындай,
Кетті жылдар бұрылмай!..
Ақ Жайықтың көктемде
Мөңкіп аққан суындай!..
Дендер* - Атырау облысындағы аудан.
Бозашы* - Маңғыстаудағы үш түбектің бірі.
Қайқы* - Маңғыстауда сал-серілерді осылай атайды.
Қайыл* - «шын берілген» деген мағынада.