meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  26.07.2022
  251


Автор: Мырзатай Болат

ЖЕТІМ БАЛА

Өртеніп барады ауа –
Кептіріп кенезені.
Тұмшалап қара бала
Жауып жүр терезені...
Бұл да бір сорлы бала –
Тағдыры сыртын берген
Шешесі – болды мола,
Ағайын қырқын* берген.
Көзінің жасы кепті,
Басылды жылағаны...
Құдайы «нәсіп» етті
Тағы бір «сыбағаны!..»
Жатырған қан түкіріп
Әке де әлсіреді...
Барады жан қысылып...
Баласы – бар тілегі!..
«Ғұмырдың шаңды желі
Кеудемді қақпанын-ай!..
Кіндіктен жалғыз жалғыз еді,
Ұлымды сақта, Құдай!..»
Үмітін үзген ауру
Құлынын қия алмады.
Дерті оның жұқпалы ауру
Баласын сүйе алмады!..
Білініп шаршағаны –
Бала да жатыр әні...
Түсінде аңсағаны –
Анасы шақырады!..
Аурудың тұманданған
Көзінен көшеді бұлт.
Жалынып бір Алладан –
Сонда да етеді үміт!..
«Құлдығым тірі жүрсе –
Адам боп қалды ғой!..» - деп.
«Ізімнен күні күлсе –
Үмітім жанды ғой...»- деп.
Еріні шыт-шыт болып,
Бейшара күбірлейді.
Күн батса – қырсық торып,
Кірпігі ілінбейді!..
Тер қатып қабағында,
Бермейді жанға медет.
Дүние – жанарында
Ойнайды қанкөбелек!..
Дем жетпей тұншығады,
Шыдар ма ұзақ түнге?!
Ертең де күн шығады,
Жарығы, бірақ, Кімге?
Ұзамай қара бала
Әкесін көміп келді.
Жүрегі жара бала –
Үміті сөніп келді!..
Баяғы кескіні жоқ –
Айналды тас – балаға!
Жылайтын ешкімі жоқ,
Бұл – енді басқа бала!..
Құшаққа қысып тұрған –
«Жалғыздың Жары - Құдай!..!
Жетімге түсіп тұрған
Жалғанның жарығын-ай!





Пікір жазу