meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  26.07.2022
  188


Автор: Мырзатай Болат

ҚҰМАРШЫҚТЫҢ ТАЛҚАНЫ

Мұртты гүржі билеп тұрған заманда,
Тұрмыс елді илеп тұрған заманда...
Соғыстан соң көзін тырнап ашқандар –
Жолыққанбыз нан көрмейтін зауалға!..
Ердің көбі өрт – майданда жұтылып,
Аз малыңды «займға» деп сыпырып!..
Бала-шаға, шал-кемпірдің үстінен
Уақыт желі соғып тұрды құтырып!..
Қатын-қалаш белбеулерін шұбалтып,
Ертелі-кеш қағатын-ды құмаршық.
Бейшаралар оралатын діңкелеп
Арқасына жібергендей құм артып!..
Ашқан қарын – тамақ түрін таңдай ма?..
Жаратқанның бергені сол маңдайға!..
Құмда өсетін құмаршықтың талқаны –
Татыр еді тақылдаған таңдайға!..
Не күтесің жоқтық көрген санадан?..
Кешір мені ақ бөлке мен таба нан!..
Баладайын кейде отырам телміреп –
Құмаршықтың талқанына қараған!..





Пікір жазу