26.07.2022
133
АПТАП ЖӘНЕ ЖІГІТТЕР
Аптап. Шілде.
Маңдайды от қарып бір,
Сайын далам ыстыққа қақталып тұр.
Мына дүние от болып кеткен жоқ па,
Ойпырмай, лап етуге шақ қалып тұр!..
Шыжыған Күн астында алаң – ашық,
Ащы тер шаң-тозаңға араласып,
Ғажап-ау неткен жандар бұрғышылар,
Еңбек еткен отпенен жағаласып!..
Жоқ! Менің қорқынышым бекер екен,
Жастық жігер оттан да бетер екен!..
Бұлшық еттер шымырлап бойға сыймай,
Фонтан боп та атылып кетеді екен!..
Таратып орыс, қапқаз, қазаққа ырыс –
Тындырған Маңғыстауда ғажап бір іс.
Жүздері тотығыңқы бұрғышылар –
Шыныққан от ішінде болат-құрыш!..
Ынжықтың зәре-құтын қашырғандай,
Еңбектің майданына шақырғандай,
Маңғыстауда от-жалын жігіттер көп
«Отқа салса күймейтін» батырлардай!..