26.07.2022
69
КЕЛЕМ ЖАЛҒЫЗ...
Көкіректе мың сан ойлар ағылып,
Келем жалғыз көше бойлай, тыныш шақ.
Айда-жайда түнгі аспанды жамылып,
Қыз – Алматы жатыр тағы тыныстап.
Жоқ қой кездер еленбейтін түнгі ызғар,
Өзіңменен бар қызықты тең бөліп.
Келем жалғыз жымыңдайды жұлдыздар,
Ақ қайыңдар бұралады сен болып.
Әлсін-әлі зорлағандай өзімді
Ыңылдаймын көңілімді жеңдіріп.
Жоғалтқандай сенің сыршыл көзіңді
Сол үйдің де алдым шамын сөндіріп!..
Келем жалғыз. Уақыт таңға таяды,
Қайың- достар сыр сұрайды анталап.
Келем жалғыз.Мың сан ойлар баяғы –
Алматының түнгі аспанын аралап.