26.07.2022
  99


Автор: Мырзатай Болат

ЖІГІТШІЛІК

Ойда жоқта кезіктірдім,
Күлкіңмен-ақ еліктірдің.
Алма ағаштың саясында
Бауырыма еніп тұрдың...
Сүп-сүйкімді, аппақ едің,
Құшағыма шап-шақ едің...
Алма ағашқа шық түскенде –
Өзің іздеп тапқан едің!..
Таудың қызы ерте пісер,
Қос алмасы тең тебісер!..
Құрбы көңілін қалдырмайын,
Өкпелесе – емшегі ісер!..
Түкпірінде алма бақтың
Ерініңнен бал жалаттың...
Шықтасылға шара бар ма?..
Не болғанын аңдамаппын!..
Қызыл апорт – піскен алма,
Томпыл қағып түскен алма...
Өзің келіп ұрынған қыз,
Ерінімді тістеп алма!..





Пікір жазу