26.07.2022
  133


Автор: Мырзатай Болат

ТЫҒЫЛМАҚ

Болыпты бір іс күлгендей,
Тығылмақ ойнап жүргендей.
Жүз бойжеткеннің ішінде –
Көріппін алғаш түсімде...
Ай болған кезде - жарты нан –
Өңімде көрдім артынан.
Жеп қойғым келгем «айымды» -
Түсінесің бе жайымды?..
«Жарық барында көрінбе,
Түнде кел, түнде, ерінбе!..
Аңсарым менің, сенің де –
Кезек берейік ерінге»...
Дегенмен солай ың- шыңсыз,
Қалғансың сен де үн-түнсіз...
Кеудеме басың құлап бір,
Тұрғансың сосын жылап құр...
Сезеді құрғыр жүрегім,
Ұзамаспыз-ау, білемін.
Ойыннан шыққан от шығар –
Жарасымы да жоқ шығар!..
Тығылмаққұмар «ұрымын»,
Ай-шалық жанның бірімін!..
Сыпсың сөз шықпай тұра ма?..
Сол қыздың атын сұрама!..





Пікір жазу