26.07.2022
  70


Автор: Мырзатай Болат

КОНТРАСТ

Алматыға жауып жатыр ақ мамық,
Табандарда қалып жатыр тапталып!..
Мамық еді, нәзік еді керемет!..
Қара табан жатыр жерге шегелеп!..
Жанарында жалын лаулап, күлкі ойнап,
Аққұба қыз он сегізін жүр тойлап.
Балалығы, еркелігі баяғы –
Көкке қарап алақанын жаяды...
Көнген, сірә, тағдырына жыламас,
Тұнжырайды жапырақсыз қу ағаш.
Көріп алар бәріне де көнбісті,
Қыңқ етпейді, әйтеуір тек жер мықты!..
Алматыға жауып жатыр ақ мамық,
Табандарда қалып жатыр тапталып!
Мамық еді, нәзік еді керемет!..
Қара табан жатыр жерге шегелеп!..
Осы бір жай жүрегімнің қақпасын –
Жазып едім дүсірлетіп жатқасын.
Тағдыр нәзік сезіміңді сенің де
Табандарға тапталудан сақтасын!..





Пікір жазу