26.07.2022
  96


Автор: Бірғали Байекеев

АБЫЛДЫҢ АҚ ЖОРҒАСЫ

Балдай қыз ұзатылып бара жатқанда Абыл ақын көшті қуып
жетіп, қимас қарындасына ақ жорғасын сыйлапты деседі.
Ұсақта Көшкін ауылы. Сауырда-қыр.
Әмбесі Әтембектің абыр-дабыр.
Ұзатпақ Балдай қызын Арқа жаққа
Бойжетіп үлбіреген шағында бір.
Той сәті дөңгеленіп күн күледі,
Маздайды ақ отаулар маңында нұр.
Пейілін аямаған ару Мамыр,
Төңірек тамашасын салуда бір.
Шаттықтың шаңырағын көтерісіп,
Бұл тойда жігітте жүр, аруда жүр.
Отауы қалыңдықтың жасау толы,
Балдайдың құрбылары жанында жүр.
Лекітіп алтын жүрек жел еседі,
Әйелдер жиі-жиі кеңеседі.
Қонақтар жетегінде тоқты–торым -
Шашуы, шама келген берешегі.
Таппаған ән менен күй, ырғақ тыным,
Құлақтың шыры қанар тыңдап бүгін.
Қартаң шал көлеңкеде күрсінеді:
«Барады-ау бал-бұл жанған зырлап күнім».
Балдайдың ұзатылар мұңы бардай,
Адам жоқ төңіректе мұны ұғардай.
Ақын қыз оңашада сездірместен
Еңкілдеп жылап алды дымы қалмай
«Нұр төккен туған жердің таңы маған,
Қыз едім түсінгенге жаны ұнаған.
Жырымның дәмін татып, нәрін еміп,
Ащысын сауығатын дәрі көріп,ъ
Дәріптер дүлей еді Абыл ағам.
Сыр ашып енді кімге шағына алам ?!
Нарқы алтын, нар көтермес сөздерімді
Неғылсын пұлын біліп, танымаған.
Жан аға, жұлдызың боп тағылып ем,
Көңіліңде аққуыңдай ағылып ем.
Көрмесем, кездескенше сағынып ем,
Тілекшім, соның бәрі көрген түстей,
Тірлікте кім зыпты тәңірінен.
Жаратқан қыз-ғұмырға бағынып ем,
Барамын Арқа жаққа ұзатылып,
Келіскен үлкендердің әмірімен».
...Той өтті сәніменен жарасымды,
Қыз-қырқын, жігіт-желең таң асырды.
Жиылып ауыл-аймақ жолға салды
Кигізіп Балдай қызға бар асылды.
Қас-қағым уақыт шіркін кетер өтіп,
Құдалар төрт-бес түйе жетелетіп.
Арбада ай сәулетті жас қалыңдық,
Бет бұрды келген жаққа төтелетіп.
Жанары мөлдір көлдің тұнығындай,
Қабағы тас көмірдің сынығындай.
Балдай қыз дидарында бар сұлулық,
Ақтығы омыртқаның жұлынындай.
Жол бойы көрді мұны Абыл ақын,
Жөні жоқ дағдаратын, жаңылатын.
Бекінді қоштаспаққа қарындаспен
Болды енді өмір бақи сағынатын.
Ақын қыз үміт еді осындағы,
Аз еді басқа айтысқа қосылғаны.
Қимастық сезімменен көш кідіртіп,
Жақындап жөн білісті тосылмады:
-Тілекші болсын жолыңа
Бекеттің аппақ батасы.
Кетеріңді кеш білдім,
Көңілімнің көп қапасы.
Дүлдүл едім демікпес,
Құмарым сөзге қанбаған.
Жүйріктердің жүйрігін
Додаға түсер таңдағам.
Талайлар кеткен жеңіліп,
Тәуекелдеп маңдаған.
Өзіңсіз Балдай жырымның
Алаулап оты жанбаған.
Тәубеме талай келтіріп,
Төрелікке жүгінттің,
Боларсың бәлкім аңдаған.
Жалғыз қалдым жабырқап,
Балдайсыз кімге алданам?!
Айтысымды доғарып,
Үйден шықпай жан бағам.
Барған елің, шырағым,
Қадіріңді білер ме?!
Жол-жөнекей жетістім
Бақытыңды тілерге.
Періштедей, қарағым,
Бет алыпсың жүрерге.
Астымдағы ақ жорға
Жетегіңе ала кет,
Ескерткіш деп мінерге.
Екі батыр егессе,
Ойламайды өлмегін.
Екі ақын айтысса,
Кейде ұмытар көрмегін.
Оның сойы мен емес,
Хош, ендеше, шырағым,
Сәтті болғай жол-жөнің!





Пікір жазу