26.07.2022
  132


Автор: Бірғали Байекеев

МҮГЕДЕК МҰНАЙШЫ ТУРАЛЫ МҰҢДЫ ӨЛЕҢ

Мелшиеді қара түн үмітті ұрлап,
Бояуға қара түсті тұнып тұр бақ.
Сүңгітіп қара көзін қара түнге
Қайғысын қара жігіт ұмыттырмақ.
Мазалап мың- сан ойлар мінгеседі,
Өзімен өткен күннің тілдеседі
Қорғансыз көңіліне бұлт қонақтап,
Жас жігіт жанын жейді, мұң кешеді.
Хаттарға алдындағы үңіледі,
Үңіледі, жазғанға жүгінеді.
Тығылып тамағына тас тұрғандай,
Дертінің табылмастай бүгін емі.
Айтқан жөн ақиқатын, құдай шынын,
Жасамай қолдан арзан жыр-айшығын.
Елеулі еңбегімен елге жаққан
Бірі еді ауыздағы мұнайшының.
Жүретін өн бойынан қуат тасып,
Жанының жазирасын шуақ басып.
Кез болып кен орнында бір сұлу қыз,
Көргеннен ғашық болды, ұнатты асық.
Есті алды, қылықты қыз еліктірді,
Жай жатқан бал сезімге желік кірді.
Жас жігіт әп дегеннен болып ынтық
Аруға жиі-жиі келіп тұрды.
Жарасты жүздесудің бастамасы,
Қыз-жігіт албырттықпен жасқа масы.
Бірінсіз-бірі тіпті тұра алмады.
Болды айқын бірін-бірі тастамасы.
Сезілмей екеуінде уайым-қайғы,
Ақыры бір түнеуден тайынбады.
Ақ гүлін сүйгенше жұлып беріп,
Дейді қыз: «Енді құдай айырмайды».
Арада айлар өтті аралатып,
Санаға сан жайларды саралатып.
Жас жігіт ұшырады жол апатқа
Қалаға көлігімен бара жатып.
Тартқандай үлкен азап жай оғынан
Айырылды екі бірдей аяғынан.
Төсекте домаланып қалды мұңлық,
Шырқалмай шат күлкілі баяғы ән.
Қыз кетті жігітті алдап, құдайды алдап,
Іздеген құдайдан жақ, мұнайдан бақ.
Жазыпты соңғы хатын күдер үзіп:
«Махаббат мүмкін кейде лайланбақ».
Сүйгені қатал екен қас қылғандай,
Қылығы бекер екен мас қылғандай.
Бір ауыз жылы сөзбен жұбатпапты,
Маңдайын болды жігіт тасқа ұрғандай.
Көнді де бейнеттің бар салмағына,
Сүйеніп күнін кешті балдағына.
Жыр жазды жүрегінің қаныменен,
Мұң айтып махаббаттың жалғанына.
«Сау болсам атойлатып жүрер ем мен,
Кезінде жеткізбейтін күрең ем мен».
Деп жігіт өткен күнін сағыныпты,
Ғашығын іздеп тапқан жыр-өлеңнен.
Болған жай-аяғы аян, басы мәлім,
Несіне бүркемелеп, жасырамын.
Мұнайшы махаббатын сөндірмеген
Жыр-өлең, қасиетіңе бас ұрамын.





Пікір жазу