26.07.2022
  79


Автор: Бірғали Байекеев

II Екатеринаға хат немесе Сырыммен сырласыу

«1785 жылы 21 шілдеде Қобда өзенінің бойында Кіші жүздің жирма бес руының батырлары мен билері бас қосып, II Екатерина патшайымға үндеу қабылдайды».
(Әбіш Кекілбаев. «Дуадақ қонған боз төбе» (Ел мен ер хақынан рауаят)
«Егемен Қазақстан» газеті. 16.09.2005 жыл).
Үндеудің пікір-түйіні мынаған саяды:
Кіші жүздің баласы


Жанарыс ек жарасқан,
Кезіміз жоқ келіспей,
Болашағымызға таласқан.
Мақсатымыз-бірлік-ті,
Татулықты қаласқан.
Нұралы хан алайда
Өз білгенін малданып,
Жоғарыға жалданып,
Төндіруде қара аспан.
Халық еркін елемей,
Байлығы артып бағы асқан.
Тоналуда қайран жер,
Тоналуда қайран мал,
Жөні жоқ қой тайраңдар,
Бұған мақал жүрмейді:
«Ашуда да байлам бар».
Ханда әділдік болмаса,
Басқа адамды сайлаңдар.
Ұнамайды Нұралы,
Тиіп отыр лаңы,
Жұрт тілегін жеткізсе,
Естімейді құлағы.
Алмасаңыз бір шара,
Таусылды елдің шыдамы.
Тақтан тайса Нұралы,сөзсіз бізге ұнары.
Құр уәде шаршатты
Ішінде жоқ құнары.
Сізге сенер барша үміт,
Жас өркендей талшыбық.
Хош етсеңіз тілекті,
Қандай бұйрық болса да
Жасамаймыз қарсылық.
Алыс кетпей әріге,
Құлақ қойсақ кәріге
«Аққа құдай жақ» деген,
Бағынамыз бәріне.
Патшайымның ұнаған,
Ұлылығын танимыз.
Мәртебесін ұстанып,
Қамқорлыққа жаримыз,
Бұйрығына бас изеп,
Күш-жігерді жанимыз.
Еленбесе есіл сөз,
Шыны керек, налимыз.
Атаққұмар, ашкөздік,
Алабөтен бүлдіру
Нұралының бойында,
Өз халқына өзі жау
Не бар екен ойында?!
Мұндай ханға сенім жоқ,
Тас тығулы қойнында.
Орындалмай әлі жүр
Ауыр жүгі мойнында.
Мансап, тақты бес күндік
Сездіртпейді еш мінді.
Өгей тұтқан өз елін
Көгертпейді ешкімді.
Адал адам арымас,
Марғау маңын танымас,
Нұралыдай найсаптан
Ресей де жарымас .
Қатыгез хан оңбайды
Қаламаймыз ондай,
Әбілқайыр тұқымы
Шеттелмесе биліктен
Еш келісім болмайды.
Аш көздігі алапат,
Қиянаты кесапат
Құылмаса Нұралы,
Көңіл тіпті толмайды.
Құзіретті патшайым!
Шартымызды қабылда,
Шарт бүлініп, шағылма,
Тұтқында жатып тұсалған,
Аманатта ұсталған
Қайран біздің ерлерді
Қайтарыңыз ауылға!
Кете руының биі Көккөз үшбу хаттың мәтінін қауырсынды дәуіт қаламмен жазып бітірді. Жетпіс үш жастағы Сырым батыр мөрін басты. Осы кезде сексеннің сеңгіріндегі Адай Шотан баһадүр көзіне жас алды. -Оу , ағасы, шау тартқаныңыз ба?!- деді Сырым ,- Батыр жыламайды, емен құламайды. Сар масақты саулатқан, жорықты түнді жарық қып, далада өртті лаулатқан, атқан оқты оздырған, делебені қоздырған, сөгілте қолтық создырған Күндеріңізді сағындыңыз ба?! Кәрілік жетпей қоймайды, тиген оқ өтпей қоймайды. -Ай, Сырым, жастығымда жалындадым, қапысы жоқ. Жанарыма шықтың іркілгені ол емес. Мен жазған хаттың қайраны болмайды-ау деп қайғырамын. Қара халықты қан қақсатқан ханның тақтан таятынына сенімім аз,-деді Шотан,- Сырымжан, жүрекке от болатындай, көңіл тоқ болатындай өлең өріп жіберші.
Байбақты Сырым бөгелмейді:
Елдің бассыз болмағы
Басқара білмес ханынан.
Дау-жанжалдың болмағы
Жүгініске келгенде,
Төрелік бермес қазыдан.
Байтақ жатқан халықтың
Ханға нәсіп болмағы,
Зиянды, құқсыз заңынан.
Малсыз жарлы-жақыбай
Байға нәсіп болмағы
Заманының тарынан.
Ерлердің сөзі тыңдаусыз,
Айрылып болдық барынан,
Атаңа нәлет Нұралы,
Қолыңды билік құралы,
Орыспен ауыз жаласқан
Қызын беріп жарасқан,
Үш Арыстың баласы
Бағындырып алам деп,
Шеңгелімді салам деп,
Мансап үшін таласқан.
Абылай сынды асылдан
Садақа кеткір антұрған,
Жұртыңы тиер панаң жоқ,
Талайларды таңбалап,
Тәніне салған жараң көп,
Қатерің жоқ демейміз
Қарғыс атқыр Нұралы,
Қастерін тіккен ада көп.
Сыр төгейін ағам деп:
Айтқаның дұрыс, Шотеке,
Халыққа ханнан пайда жоқ,
Оған қылар айла жоқ,
Сіз болжаған мән-жайды
Айтпаймын ұсақ, майда деп,
Атқа қонар кезінде
Сізді іздейміз «қайда» деп.
Айтқанымды сезерсіз,
Тіліңізді безерсіз,
Тілегімді берерсіз,
Хан азабын ел тартса,
Өтініш жазып көрерсіз,
Оған да тақа болмаса,
Әлі де жорық шегерсіз,
Келсең-дағы сексенге
Топ алдында желерсіз,
Болмаса егер құлағы,
Ақымақ ханға не дерсіз?!
Эпилог
Адайдың қалың қамы үшін,
Жұртының тағдыр, жаны үшін,
Кең түбекті кеулеген,
Мыңғыртып жатқан малы үшін,
Ақ сақалды ата үшін,
Ақ самайлы ана үшін,
Қара жұрт, қоныс, пана үшін,
Сарп еткен ар мен намысың.
Қос жанарын жайнатқан,
Көнге суды қайнатқан,
Белдеуге тұлпар байлатқан,
Тасқа қылыш қайратқан,
Мың-сан қолды қалмақты
Қынадайын жайратқан,
Жауына атқан жебесін
Өндіршектен қадалтқан,
Айдалада аш жүріп,
Ас ішпеген табақтан.
Нөсердей сіркіреген
Қара бурадай күркіреген,
Құландайын дүркіреген,
Ұйқысыз таңды атырған,
Ұйыса келген қалмаққа
Арыстандай ақырған,
Аруағын шақырған,
Тау сеоіндей сапырған,
Оң келгенін құлатып,
Сол келгенін сұлатып,
Сояулы шөптей жапырған,
Бір құдайға сиынып,
Қара қанды өзенге
Қалмақтарды батырған.
Сөйтіп жауы қапылған.
Қабырғалы халқы үшін
Ойын ойға батырған,
Найзаға үкі қадаған,
Қаншырдай қатып жараған,
Жүзі қайтпас шар болат,
Қылыштың жүзін жалаған,
Адырнасын асынып,
Жебелерін санаған,
Көк шоқпарын сайлаған,
Айбалтасын қайраған,
Алаңында ұрыстың
Жаулары біткен жайраған,
Құтылмаған айладан,
Жер танабын қуырған,
Жүрсе, ақ шаң суырған.
Кеудесі ыстық өрт болған,
Түн ұйқысы төрт болған.
Мың-сан қалмақ шапса да
Қас қаққанша жоқ болған,
Құйрықтары боқ болған,
Балдыры тасқа таймаған,
Шапқан сайын жайнаған,
Үдере қашқан қалмақты
Үреймен құтын ұшырып,
Жеткенінше қалмаған,
Бурадайын шайнаған,
Айдаһардай жалмаған,
Қос тақымы терлетіп,
Биіктерге өрлетіп,
Бауырынан бу шығып,
Құйындай желіп парланған,
Көк сауытын айыртып,
Күшіген жүнді сұр жебе
Күшіктейін сарнаған.
Сөгілте қолтық создырған,
Делебені қоздырған,
Дүлдүлді демеп оздырған,
Сонда да демі талмаған,
Қалмағы түгілі, орысы
«Күнәмді кеш» деп зарлаған,
Жоқ-жітікті қамдаған,
Қиянатқа бармаған,
«Уәде – Құдай сөзі» деп
Берген серттен танбаған,
Жасықтарды «ез» деген,
Пасықтарды тез деген
Жігерлері жанбаған.
Кек қайтармай дұшпаннан
Құмары әсте қанбаған.
Адай үшін қамыққан,
Ас пен судан тарыққан,
Сонда да уайым салмаған.
Талай-талай ұрыста
Майданға түсіп бәйге алған,
Жатқа жерді алдырмай,
Айлалы ерге айналған,
Асып кеткен арнадан.
Ата жауын шортанша
Тырып еткізбей қамаған.
Отыз бес жыл соғысып,
Қалмақтардан оңбаған
Туған елін қорғаған.
Талай қауіп төнсе де
Далада басы қалмаған,
Маңайлап жауы бармаған.
Халқына теңдік сұраған,
Жеріне еніп Адайдың
Үстірттен ойға құлаған,
Маңғыстауды маңдаған,
Теңізде түбек таңдаған
Назарұлы ер Шотан
Үш жүз жасқа толғанда
Бейбіт етті жан балаң,
Құлақ қойған, ағайын,
Қабыл алың ұнаса,
Толғауымды арнаған.
Көп айтты деп сөкпендер,
Жазсам әсте тайсалман,
Шотан атам ерлігін
Жырласам тіпті тауыса алман.





Пікір жазу