26.07.2022
  132


Автор: Бірғали Байекеев

ЕЛ ҚОРҒАНЫ-ЕР ШОТАН

Жанарыстан тараған
Еңсегей бойлы ер елміз,
Құдайға ғана сенерміз,
Тап келсе жауды теберміз,
Аңысын арттан көрерміз,
Шаршамай жорық шегерміз,
Қас үлектей желерміз,
Жаңбырдай оқты себерміз,
Жолда көшті қалдырмай,
Жамандарға алдырмай,
Атанға жүкті арттырып,
Қомын мықтап тарттырып
Дем етуге шеберміз.
Қара бұлтты қақ бөліп,
Көз аштырмас жарық болып,
Күркірейміз сілкінтіп,
Қаһарлансақ егер біз.
Әуелден жерде Адай бар,
Сүйсінген жайсаң талайлар,
Достарында мерей бар,
Қабағында арай бар,
Дұшпандары ығысып,
Айбарынан абайлар.
Сол Адайдың ішінде
Мақтаулысы Жарысы,
Жарқыраған әр ісі,
Жанып тұрар намысы,
Арымайтын шабысы,
Жаңылмайтын қағысы,
Түздің жортар бөрісі,
Боз даланың Барысы,
Берекеті ортаймай,
Үзілмейтін табысы.
Мете, Кще-үлкені,
Дәулеталы мырзасы,
Айтылатын ырзасы,
Шаңырағы қонақжай,
Ұзындау келер мұржасы.
Жетімегі жетіскен
Дайындаған асының
Тәтті болар тұнбасы,
Еліне арнап еңбегін,
Қадірленген бір басы.
Бағаланған базары
Қарауда болған Назары,
Бектемісі белденген,
Тоқтамысы тоқтамай,
Жауды көрсе желденген.
Ал Назардың баласы
Көңілінің жоқ аласы,
Үлкен дінді терегі,
Жайқалған жасыл желегі
ШОТАН сынды ерім бар,
Содан кейін көрінген,
Жамандықтан жерінген
Тұлпардайын тебінген
Құдай берген керім бар,
Осы жерде Майланды
Айта-тұғын жөнім бар,
Тастемірім бір бөлек,
Оған үлкен сенім бар,
Осылардың ішінде
Жаратылған асылдан,
Талай жауды қашырған,
Қалмақпен ұрыс қыздырған,
Талай қамал бұздырған,
Халық үшін туылған,
Қынаптан қылыш суырған,
Найзадайын шарт сынған,
Айылды мықтап тарттырған,
Көк сүңгісін шаншылтып,
Қоңыраудың қақтырған,
Арғымағын ытықтап,
Садағын нарға арттырған,
Қалтыратып хан тағын,
Бітуажашы шаптырған,
Орыстарды ойлантқан
Кеудеге моншақ тақтыртқан.
Еліне сауға сұраған,
Аздан көпті құраған,
Адайдағы ұлы адам,
Кір қонбаған басына
Шотанның 300 жасына
Мен де бір бәйіт арнадым,
Қайырлы қадам болсын деп
Аталардың Асына.





Пікір жазу