26.07.2022
  130


Автор: Бірғали Байекеев

ДАРАБОЗ

Жақсы болды келгенің,
Кездесу мынау ең керім,
Кендірін шешті керменің,
Әуеніңмен тербедің,
Айтқан сайын терледің,
Сезімге тиіп селбідің,
Ақ Жайықтайын селдедің,
Көп екен, аға, көргенің,
Тербедің, ерік бермедің,
Өлеңнің салдың өрнегін,
Әсем әнді әрледің,
Дауылпаз құстай сермедің,
Маржан сөз екен тергенің,
Дәл өзіңдей әншіні,
Сирек-ау менің көргенім,
Жан біткенді үйіріп,
Құшағыма кел дедің,
«Өнер көзі-ел» дедің,
Саяңа келген адамға
Орның дайын төр дедің,
Әлсізді әрмен демедің,
Тәтті әуендерді теңдедің,
Сәуесіздерге көнбедің,
Домбыраңды безеп үкілі,
Сырларын аштың перненің.
Көңілге сұлу ендің де,
Көкіректерді кернедің,
Кернедің, ерік бермедің,
Төгіліп кетті сосын жыр
Мақамымен терменің,
Тербесін сені мендегі үн,
Жырламай кету өзіңді
Ақынмын деген ерге мін,
Мекес аға, ал енді,
Әннің алып жөргегін,
Қалауымен халықтың
Терме төгіп бер дедім...





Пікір жазу