26.07.2022
  330


Автор: Бірғали Байекеев

АРУАҚТЫ АТАҒА АРНАУ

Тірлікте тағдырымда тартсам жапа,
Кездейсоқ бөгеттіктен болсам қапа,
Өзіңе жалбарынып жолым болды,
Айналдым қасиетіңнен, Бекбаулы ата!
Бала едім он төрттегі қиялым көп,
Жан едім ешбіреуге зияным жоқ,
Ауылда жүгіретін сайыс болды,
Адуын жүйріктермен қоса шаптым,
Арынды арғымақтай сияғым жоқ.
Сенімді желмен бірге жетеледім,
Бәрінен ілгері озып өте бердім,
Қадамды қарқындаттым уақыт сайын,
Мәреге тура тартып төтеледім,
Жеткізбей өзгелерді кете бердім.
Көрсетті әлдебіреу сұсын дара,
Желкемнен жетіп қалды құшырлана,
Итеріп терең сайға құлатқаны,
Жазықсыз жол бойында сұлатқаны ,
Жүлдені иемдену үшін ғана.
Шыққан ем шынығуды мақсат қылып,
Дүрмекке ілескенді жақсы ат біліп,
Кінәгер қылығына қиналмады,
Бет-аузы күл сепкендей күлгін тартып,
Алыстап кете барды сақ-сақ күліп.
Шикілей түстім қастық шеңгеліне,
Зұлым мәз бала күшке көнгеніне,
Ол кетті жүлде қысып қолтығына,
Мәз болып саулыққа сес төнгеніне,
Есіріп, екіленіп «еңбегіне».
Ессізде көп емес пе амал-айла,
Әлде мұны зорлыққа санамай ма?!
Екі езуі ыржиып құлағында,
Кешірім де сұрамай жөнін тапты,
Әлде соны ерлікке бағалай ма?!
Жарыстағы бұл бір жайт жетті ауылға,
Ұрынғандай сезіндім от-дауылға,
Құлағанда апанға қол сыныпты,
Жаттым сол сәт атадан жәрдем сұрап,
Жалбарынып жаныммен Бекбаулыға.
Ойым жоқ-ты жазмыш тартар деген,
Бейнетін аяқасты артар деген,
Ауыл кезіп іздедік сынықшыны,
Бекбаулының ұрпағы берді көмек,
Ел сыйлайтын апамыз Шархат деген.
Шархат апам бар затын алып келді,
Тізгіндейін бейне бір әріптерді,
Сүйектерді күл-талқан жымдастырып,
Мінсіз етіп сынықты салып берді,
Шеберлігін ғаламат халық көрді.
Содан кейін сәт сайын болды жолым,
Олжалыққа жарады өзім қолым,
Саусақтарым икемге келді-дағы,
Қуаныштан теңіздей тасып-толдым,
Қасиетіне атаның ғашық болдым.
Уақыт деген жылдам ғой санағанға,
Асықпызмынаған да, анаған да,
Ал өз басым тірлікте ұнатамын,
Жақсылық жасағанды әр адамға,
Не жетсін бір кәдеге жарағанға.
Жақсыларсыз өмірде жоқ тау күнің,
Жауларыма мылтықтай оқтаулымын,
Бір оқиға айтайын болған жайдан,
Демеймін «бостан-босқа өтт-ау күнім»,
Кәдесіне жарадым Бекбаулының.
Мәз болып орынды іске халық жатты,
Атаның қонақ үйін салып жатты,
Сол кезде ұрпақтары келіп маған,
Көгершін – көмегімді қажетсініп,
Мейірбан жүрегімді жалындатты.
Мұндайда текке қарап қаласын ба,
Хамза мен Жиенбай бар арасында:
«Атаның құлыптасын көркемдеші,
Арабша қаріптерді саласың ба ?»
Деген соң жеделі іске кірістім мен,
Бітірдім сол күн кештің шамасында.
Ақ таста Бекбаулы аты ажаланды.
Құлыптас та «қалайды тазарғанды»,
Аруақты атаның қасиетінен шебер болдым,
Қолынан өнер тамған,
Шежіресін өлкенің жазар мәңгі.
Тірлікте тағдырымда тартсам жапа,
Кездейсоқ бөгеттіктен болсам қапа,
Өзіңе жанымменен жалбарынам ,
Демей бер қасиетіңмен, Бекбаулы ата!





Пікір жазу