26.07.2022
  178


Автор: Бірғали Байекеев

ЖАН АҒА

Қалпың бар қарапайым, өзгермеген,
Кісісің ешуақытта сөзге ермеген.
Өзіңді сағынамын тағат таусып
Мұңайып, жалғыз қалған кездерде мен.
Балауса, жас кезіңнен болдың зерек,
әлжуаз ініңді де көрдің демеп.
Болмашы табысыма шын қуандың,
Біз үшін отбасыңда орның бөлек.
Беделің жатыр асып бір басыңда,
Сыйлайды жамағат жұрт, құрдасын да.
Шуағың бізге төккен суымайды,
Жүре бер қызуы мол Күн қасында.
Құдайдың мол жарылқап, демегені


Жанұяң жарастықты, өнегелі.
Отырсың таусылмайтын қызық көріп,
Аймалап сүйкімді қос немерені.
Көрмедің ешбіреуді әбігер қып,
Сөзіңді жүрек тербер дәрі дер жұрт.
Халқыңның ортасында өтеп жүрсің
Киелі парызыңды дәрігерлік.
Қайратты, қиындықтан тайынбасым,
Жылдарың жақсылығын дайындасын.
Жан аға, жарқырай бер алдаспандай,
Құдайым абыройдан айырмасын.





Пікір жазу