26.07.2022
  105


Автор: Бірғали Байекеев

АҚҚУ-АТА

Санамда сағымданды сағынышым,
Түйсігім әйгіледі тағы күшін.
Аққу боп қанат қақты Оғыландыға
Бір жырдың жалынды отын жағу үшін.
Айналған әлдеқашан аты аңызға,
Аққу боп ұшқан дейді атамыз да.
Талайға шарапаттан шуақ төккен
Жариын мен де Сіздің батаңызға.
Пір-ата көкке тартып аспандаған,
Айтыпты: арнасынан асқан жаман.
Ғайбаттап асылықты, тасынуды,
Жауынан қаймықпаған, жасқанбаған.
Пиғылын Жаратқаным қабыл еткен,
Күрескен өле-өлгенше әбілетпен.
Үп демей өмір парқын тақуа жан
Ақиқат жол іздеген әділеттен.
Көңілінде, жаман көрсе, лай қапты,
Тәңірден бір кешірім сұрай қапты.
Мұңайса, ренішін ішке бүгіп,
Иманды күй кешіпті лайқатты.
Сұрықсыз қылықтарды самдай білген,
Адамды мадихаттап, таңдай білген.
Пәнсінген қарақтардан азар көрген
Кінәсіз момын жұртын қамдай білген.
Қамдаған шаруасы хасыл болған,
Зайыры найзағай мен жасын болған.
Кеспеті қасабалы мүкәммалдың
Дағуа, дәрістері асыл болған.
Дінсізге дәйек тұтып тұра алмаған,
Ділдіге дәріптейтін жыр арнаған.
Пірәдар әулиенің атын атап,
Батырлар шабуылда ұрандаған.
Бүгінде барша білер парасатын,
Әулие желеп-жебеп, қарасатын.
Бекетке мен де бір жыр бағыштадым,
Тағынса, тұмардайын жарасатын.
Атаның асын беріп таратты анық,
Жұмылып ортақ іске, жарап халық.
Әр күні Бекет атам аққу болып
Ұшып жүр төбемізде қанат қағып.





Пікір жазу