26.07.2022
  199


Автор: Бірғали Байекеев

ҰЛЫМ БАҒДАТҚА

Сынамайды бала кезде сені ешкім,
Талап қояр үлкен жігіт емессің.
Есейген соң есің кірер, құлыным,
Атың шығып, айдарыңнан жел ессін.
Болар бала белгілі ғой талапты,
Ажыратар ақиқат пен ағатты.
Үміт құсын үкілетіп, Бағдатжан,
Оқып жүрсің «4» пен «5»-ке сабақты.
Көпке ұнайды ілтипатың, тәртібің,
Күлкіменен көш тартуда әр күнің.
Жүректердің жылуымен жайнап өс,
Тағдыр саған сездірмесін салқынын.
Жүйрік болсаң, ісінбесің алқымың,
Шаптың екен, тұлпарлардай тарпығын.
Уақыт деген қателікті кешпейді,
Бәйге- өмірде сүрінбеші, алтыным.
Деп ойлама «ортаңқолмен теңестім»,
Ақыл алып, үлкендермен кеңескін.
Ержеткендік үйренуден тұрады,
Туғанынан текті болмас тегі ешкім.
Қиындықтан беті қайтпас, шыдар ер,
Отбасыңның бірі сенсің мұрагер.
Алдамасын сенім бізді, жарығым,
Ел сүйетін азамат боп шыға гөр!





Пікір жазу