26.07.2022
285
ҚАЗАҚ ӨНЕРІНЕ
Бабамның бай мұрасын бағамдатқан,
Тағдыры тағдырымдай алаңдатқан.
Халқымның өнерінде өрнектеліп,
Жанымның кеңдігіндей далам жатқан.
Сырыңа кеш қанықтым марқайғасын,
Әр күні әсер үстер әр таймасым,
Жылдардың жылжуымен жаңғырығып,
Жасанып, жасаратын қартаймасым.
Ғасырлар тозаңында көнермеген,
Қаупім жоқ өнерге сес төнер деген.
Кешегі керуен тартқан көшпелі елдің
Көгерген көсегесі өнерменен.
Шамаңа, шебер болсаң, сүйене гөр,
Шабытқа шарапаты тие берер.
Сұңғыла сұлулықтан сыр ұқтырған,
Табынам сиқырыңа, киелі өнер!