26.07.2022
  107


Автор: Бірғали Байекеев

НАУРЫЗ КҮНГІ ТІЛЕК

Жағымды үнің,
Жанымды жасарт, іңгә жыл,
Жеткізем алғыс
Жүрегімменен мың да бір.
Ақ тілектерің,
Пәк тілектерің көгертіп
Келешектерге
Асықтырады жылма- жыл.
Қуанып жатыр
өзіңді көріп барша жан,
Төріме шықшы,
Қонағымдайын қарсы алам.
Өмірдің мынау
тәттілігіне тамсантқан
Қарызбын мәңгі,
Борышкермін де мен саған.
Ажарың ашық,
Жанарың мөлдір әрдайым.
Дидарың аппақ,
Наурызда жауған қардайын.
Жаңа Жыл, жаным,
жүздескен нұрлы шағыңда
Бар пейілімді
жұртыма бүгін арнайын:
Отбасы аман,
шаңырақтарда күн күлсін,
Жақсылық оты
жаманның сағын сындырсын.
Қарттарым сау боп,
жастарым өсіп-жетіліп,
Ел бағы үшін
Қыруар істер тындырсын.
Болмасын ұрыс,
Көк зеңгір болсын аспаным,
Жазыла берсін
жаңа ғасырлық дастаным.
Үміттер үдеп,
Дұшпандар жүдеп, мұңайып.
Көбейе берсін,
Шаттық күндерің, бастарың.
Түгендеп алып,
төрт маусымның да тізімін
Жыл ауыстырды
тағы да, міне, жүзігін.
Ғасыр басында
тағы да менің тілегім


Көруге жазсын
жас ұрпақтардың қызығын!





Пікір жазу