26.07.2022
  156


Автор: Бірғали Байекеев

НАУРЫЗ ТӨЛІ

Таң атты арайланып,
Күлімдеп қарайды анық,
Шопан тұр шырайланып,
Қораға қарай барып.
Жүректе жыр тұнады,
Айнала құлпырады,
Ішінде мама саулық
Дүние бұлқынады.
Мал қамы құптағаны,
Құрылуы шыпталары,
Шопанның қойытолғақ:
Үрпінен сүт тамады.
Қырқаның ала басы,
Жылудан шала масы,
Саулықтың мекіренген
Көрінді шаранасы.
Дейтіндей санаңды ұрпақ,
Қылығын қалам құптап,
Енесі өбіп жатыр,
Баласын жалап-жұқтап.
Маңайы қорғатқандай,
Мейірім қол қатқандай,
Ғажайып қой жаратылыс:
Дүние толғатқандай.
Қалайша толғанбайсың,
Қияға қонғандайсың,
Мынаны көріп тұрып,
Жас сәби болғандайсың.
«құлпырып сезімдерім
Таусылып төзімдерім,-
Деп шопан сыр айтады,
Күндіз-түн көз ілмедім».
Көктеммен қанаттасып,
Науқанмен қабаттасып,
Төлбасы қалт-құлт етіп,
Барады санап басып.
Ниеті құлаған ай,
Молшылық сұраған ай,
Наурыз қошақаны
Сүрініп, құламағай!





Пікір жазу