МЕЙІРІМ ШУАҒЫН ТӨККЕН
Көз тартты сонадайдан сары белің,
Туған жерге тұрпатыңнан танып едім.
Бір мүшел артқа тастап қайта оралып
Ортаңа келіп қалдым, қалың елім.
Мен жыл ем мұң жолатпас қыз қылықты,
Жолдарым жүре-тұғын қызғылықты.
Көктемнің бүршік атқан ақ гүліндей
Ұсынам ұлысыма ізгілікті.
Деміммен жылы желді саз ғып айдап,
Билетіп жас талдарды мәз ғып ойнап.
Төріне туған жердің тіктім отау,
Құстардың қанатына жазды байлап.
Беткейдің нәркестеніп нұр-шық өңі,
Бүлкілдеп тамырына жыр сіңеді.
«Наурыз несібесін дарытқай» деп,
Кемпір-шал күншуақта күрсінеді.
Балшықшы бақылдайды қайраңды асып,
Басы бос бозбалалар сайранға асық.
Сынасып сыпайылық сабақтарын
Күледі қыз келіншек жайраңдасып.
Бұл шақты сағынышпен дала күткен,
Жететін жаңа күнге жаңа үмітпен.
«Көжесін Наурыздың ішеміз» деп,
Дегбірсіз шуылдайды бала біткен.
Сызылтып бозторғайдың созған әні
Кермиық қалғытады боз даланы.
Шабысы тұлпарлардың елеңдетіп,
Ойлантар түйелердің боздағаны.
Күн мен түн әмпей-жәмпей теңелгендей,
Мал мен жан қуанышқа кенелгендей.
Жылу-қыз, салқын-жігіт ізет сақтап,
Именіп иба-бақтан тең өргендей.
Айналдым табиғаттан тапқыр еткен,
Нұр шуақ көңілдерге ақ гүл еккен.
Жыл болып өздеріңмен жүздесерде
Ақаусыз ниет бұрдым ақ тілекпен:
Жойылсын жер бетінен жамандығын,
әрдайым алдан шықсын амандығың.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,
Тоғысар он сегіз мың ғалам бүгін.
Жұмылса, жөнделмесің жөнген келер,
Қай іс те қайрат жетсе, дөңгеленер.
Халқыма бата арнадым, қабыл еткей,
Деген бар «Батаменен ел көгерер».