26.07.2022
113
ҚАРАТАУЫМ-ДАРА ТАУЫМ
Қаратауым – дара тауым сен менің,
Көз алдымда кеңге тартып, көлбедің.
Бауырыңда бала күннен ойнатып,
Есейсем де құшағыңда тербедің.
Етегіңде жатыр бұлақ жамырап,
Бойы құрақ, мәуелеген жаны бақ.
Қаратауым, күш дарытам өзіңнен,
Көрген сайын жігерімді жанып ап.
Өр кеудеңді еміреніп сүйгенмін,
Келіп тағы ғажайып бір күйге ендім.
Паңдығыңнан парасатты пайымдап,
Асқарыңнан асқақтықты үйрендім.
Нұрға бөлеп, төңіректі ән қылып,
Шығысыңнан сыланады таң күліп.
Қаратауым, біз солғындап сөнерміз,
Сен тұра бер мызғымастан мәңгілік!