26.07.2022
  86


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

Жылдар жылжып, болыпты астан-кестен...

Жылдар жылжып, болыпты астан-кестен,
Әр оқиға дүмпуін бастан кешкен
Қала ғой бұл. Қадірі асқандықтан,
Өмірін тұрғындар тың дастан дескен.
Ғажап-ты жаңа дәуір таңы атқаны,
Өзіне өзге үмітпен қаратқаны,
Ұмытылмас ештеңе, сарғайғанмен,
Тарих кітабының парақтары.
Он жетінші жыл. Төңкеріс. Елең-алаң.
Келмеске кете барды «көне» заман.
Көп ұзамай Кетікке атау болды,
Есімі Урицкий деген адам.
Сан тартысты саяси майдандарда,
Сағың сынбай, батпадың қайраңдарға.
Орталық мәртебесін иемдендің,
Адай уезі ауданға айналғанда.
Әуестеніп көр-жөрге, қайдағыға,
Қалам тартпан. Торғай жаққа
Бара жатып, Жанкелдин із тастаған
Жасағымен. Жолынан таймады да...
Дейтін кез: уақыттың өліарасы,
Абыр-сабыр...толқулы ел арасы.
Өткізді тарихи өз съезін,
Әлниязов-ревком төрағасы.
Амал іздеп ақыры сақтар басты,
Паналап тасалакр мен жақпар тасты,
Осы арамен басы ауған жаққа қарай,
Толстовтық бандылар-ақтар қашты.
Қолына Алаш туын ұстап еппен,
/Бастаған ұлы ісіне ұста неткен!/,
Шетелге кеткенінде Форт үстімен,
Түркістаннан Шоқайұлы Мұстафа өткен.
Рас, Кобзарь-ақынның нарқы нән-ді,
Өлмейтін өлеңімен арты мәңгі.
...Мың тоғыз жүз отыз тоғыз жыл ішінде,
Атауды большевиктен «тартып» алды.
Құйындатып тып-тыныш жатқан қырды,
Соғыс желі Германия жақтан тұрды.
Жылап-сықтап Маңғыстау, амал қані,
Боздақтарын майданға аттандырды.
Төрт жыл өтті. Талып күткен Жеңіс келді,
Күлкіге орап ой мен сай, еңістерді.
Қан қақсаған халықтың өңі кіріп,
Жиырылған қабақтар тегістелді.
Алды, сөйтіп, тереңнен дала демін,
Жайлады жарқын ойлар сана көгін.
Ғасыр жарым жақсыны, жаманды да,
Басыңнан кешкен қайран қалам едің.
Қалам едің ауасы жанға дауа,
Қасыңда қасиетті Қаңғабаба.
Өткенің мен өзгеше бүгініңе,
Қараймыз қызыға да таңдана да.
Еске алсақ елеуліні-ол айып па,
Бар жәйға барынша әділ болайық та.
Кезінде төр ұсынды Форт-Шевченко,
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа.
Ауатынын қайтерсің аңсарының,
Адамдардың, суына Тамшалының.
Құмарлығың басылмас иіскесең де,
Жағадағы құлпырған қанша гүлін.
Аталатын жағдай-ды ардақталып,
Маңызы мен мәні де салмақты анық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев,
Көрген-ді көркем жерді арнап барып.
Бай мекен ақиқатқа, аңызға да,
Тәрізді шежіре-шал, нағыз дана.
Ұлағатты ұлдарға ұя болған,
Атыңнан айналайын абыз қала!





Пікір жазу