26.07.2022
  70


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

Отырықшы қашаннан ел едіңдер...

«Отырықшы қашаннан ел едіңдер,
Балық үшін шет жұртқа жөнеліңдер.
деді патша.-Теңізге иек артып,
Барыңды сап, байлыққа кенеліңдер.
Қақалмайсың. Қарпып қал ырыстан дәл,
Жабайы, жапан түзден ығыспаңдар»
Сол-ақ екен, сірескен сең қозғалып,
Бірін-бірі қолдады ұғысқандар.
Тастай салып туған жер, қоныс, бәрін...
Қарашы, қанша тағдыр тоғысқанын!
Ішкі Ресей-Орынбор, Астраханнан,
Бері қарай ағылды орыстарың.
Жақсы болды үкімет үн қатқаны,
Игеруге тың жерді ым қаққаны.
Сөйтіп, шапшаң салынды станица,
Николаевск-жағада, құмдақтағы.
Орындалып ілезде жат арманы,
Кезенді кедейге бай қаһарлары.
«Арпа ішінде бір бидай» жүретіндей,
Есте көпес Дубский Захарлары.
Ізгі жанның іш-сыртын кім ұқпайды,
Ондайға көңілін ешкім суытпайды.
Қазаққа кәсіп және нәсіп берген,
Зекеңді де ұрпақтар ұмытпайды.
Жақсылығы ел жадында сақталыпты,
Танытқан талайларға мәрт қалыпты,
Аташта-Қандықыстау іргесінде,
Ескерткішке Захар боп бақ қалыпты.





Пікір жазу