26.07.2022
  98


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

Теңізге ең биіктен қараған тік

Теңізге ең биіктен қараған тік
Жарқабақ-атаныпты Қараған түп.
Құбылаң Қызылөзен, Сәубет сәнді,
Саурада бар қадеге жараған күп.
Қарағантүп немесе Түпқараған,
Жарқабақ тұр Хазарға тік қараған.
Тап астында ескінің ескерткіші,
Форт-Шевченко-әуелден құт дарыған.
О кездері...кетіпті өтіп істер,
Өзекті көп өртеген өкініштер.
Қазақты отарлауға сахарадан,
Салынған сансыз белгі-бекіністер.
Түздікті бағындыру амалдары,
Жасалып жатты ілкі қадамдары.
Пайда болған осылай Адайжұртта,
Қызылтас пен Қорғантас қамалдары.
Мың сегіз жүз отыз төрт жылы ма екен?..
Үстірттің үстіндегі жылы мекен,
«Жаңа Александр» атанып шыға келді,
Патшаның Жарлығымен сыры бөтен.
Адам санап кім сенің сөзіңді ұқты,
Ел болғанмен еңселі, төзім мықты.
...Қиялы қия шалған әскерилер,
Осы тұстан Хиуаға көзін тікті.
Жүргенде дендей еніп, сүзіп қырды,
Емешегін ертеңге үзіп тұрды.
Кесіп-пішкен кеңінен келешегін,
Оларды Түпқараған қызықтырды.
Осылай ұйғарылса амал не енді,
/Адамдардан артында қалар белгі/
Орынбор әкімінің әмірімен,
Дүниеге тағы да бір қамал келді.
Жергілікті халыққа бәрі анық –ты,
Оқыс хабар Ордаға таралыпты.
Мың сегіз жүз қырық алтыда-біткен жылы,
Жаңа Петр атауын ол алыпты.
Адай, түркмен қыжылын жасқап әрі,
Коменданттың Петербор асқан әні.
Жағалаудан жай тапқан көне шаһар,
Тарихы сол кезден басталады.
Жаңалық қамалдарға ере келген,
/Қазекең барлығына көне берген/
Төсінде бой көтерген нысандарға,
Есімін ақ ағзамның бере берген.
Қарсы тұрмас Жарлыққа батылың да,
Егеулі найза қолда-батырың да.
Он үш жыл өтісімен Петр –қала,
Атанды Форт-Александр ақырында.
Билік оны ұстаған абақты қып,
Барған сайын маңызын баратты ұғып.
Жазалап ап айдаған солай қарай,
Кім көрсетсе тентектік, ағат қылық.
...Арманы емес адам аласа тым,
Ниеті ізгілікпен жарасатын,
Он тоғызыншы ғасырдың ортасында,
Табылды өлкемізден Тарс ақын.
Дәуірінің ұлы еді ол ақ маңдайлы,
Өзі аңсаған өмірді таппай мәңгі,
Кирилл-Мефодий ұйымына мүше болып,
Өпірім өкіметке жақпай қалды.
Өлеңімен өрт ескен сия алмады
Өз жеріне. Отбасын қия алмады...
Тағдырынан таяқ жеп, жер ауған-ды,
Тас қамалға-түбекке қияндағы.
Ойы оның кім-кімнен де ілгері еді,
Сондықтан шетке итерді іргелі елі.
Ызаға булыққаннан айтты ма екен,
Маңғыстауды «құлыпсыз түрме» деді.
Сыйлаған айбары асқан ақындықты,
Өжеттік пен өткірлік, батылдықты


Қазақтарым қонақты жатырқамай,
Мұңлық жан деп жанына жақын тұтты.
Өйткені, ол кісінің нарқы нән-ді,
Өлмейтін өлеңімен –арты мәңгі.
Түбекті «құдайына қарғатқанда»,
Запыран-зар жүрегін шарпыған-ды.





Пікір жазу