МЕЗГІЛГЕ НАЗ
Жылдам ең ағын судай жылдар неткен,
Екпініңде ерекше үн бар ма өктем.
Ес кіріп жетегіңе ергеннен-ақ,
Өн бойымнан сынақ пен сындар да өткен.
Әкетіп шалғай шепке балғын күнді,
Желімденіп желкеме бар мұң мінді.
Дегеніне көндіріп, ерікті алып,
Шалмады екен жалғанда шалғың кімді.
Уақыт! Неге өзгерттің жас күнімді,
/Адам үшін ол нағыз басты ұғым-ды/
Сен тастаған беттегі бедерлерге,
Досыммен қатар әні қас та үңілді.
Тарту еттің ақыры қарттығыңды,
«Кешірмеспін» ешқашан тап мұныңды
Қатулы қабақпен сен қаққанда есік,
Көтеріңкі көңілім шарт бүлінді.
Бұ немене? Сенен сонша кеткен тыным,
Бәрінен нысанаға жеткен бұрын?
Күз айналып, жаз жетіп, солып қалды,
Кешегі көкорайда еккен гүлім.
Қайран қызық күндерім сағымданды,
/Менде де саған ұқсас арын бар-ды/
Өмірбаян өрілген дәуренімде,
Куә боп барлық жәйға жадым қалды.
Мезгіл-ай, өз ырқыңа бағындырдың,
Көз жазып көктеміммен санымды ұрдым.
Жабырқайды екенсің жастық атты,
Маңдайыңнан тайғанда бағың бір күн.
Ойларым ойқастайды басымда мың,
Жанарымда жарқыл жоқ. Жасырмадым.
Көлденең көк аттыдай желе жортқан,
Мен биыл Мұхаммедтің жасындамын.
Темірхандай мен-дағы аз көрмедім,
Даң-дамаза, қиқулы сазға ергемін...
Ғафу сынды «еңбекпен күнде ағарып»,
Қоғамыма үлесті аз бермедім.
Алпыс үш жыл. Өткені-ау соншама жаз,
Бала емессің болатын баршаға мәз.
Тегі қатты тентегім, сөге көрме,
Айтты деп бағыныштың қаншама наз.
Жер бетінен естілмес дауысың мәңгі,
Ағып-ағып бұлақ та таусылған-ды.
Солай, солай. Бұлыңғыр алдымызда,
Беймілім, енді қанша маусым қалды....