26.07.2022
  81


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

КҮЙШІ

Бар екен өн бойында дарындылық,
/Қалмақ емес ол қазір барын бүгіп/
Күйші отыр қаумалаған дүйім жұртты,
Құдыретті күй сазына бағындырып.
Соған елтіп айнала тынып қалған,
Сезімдер шайқалғандай тұнып тұрған.
Мына күйде зар заман елесі бар,
«Алқа көл, сұламадан» сыр ұқтырған.
«Сары жайлау» самалы да ғашық қылған,
«Көбік шашқан» күйімен тасып тұр маң.
Енді бірде мергеннен бас сауғалап,
Барады «Ақсақ құлан» асып қырдан.
Домбыраға ерекше дүбір енді,
Дала да, тау да, өзен де күңіренді.
Атойлатқан «Адайлар екен ғой бұл,
Жау шошыған ақиық түрінен кіл.
Серпілтіп сансыз ойдан бір топ елді,
Күй тізгінін біртіндеп ірке берді.
...Көздегі тамшыларын ақ әжелер,
Жаулығының ұшымен сүрте берді.





Пікір жазу