26.07.2022
  87


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

ТҮНГІ ДАЛА

Сап тынып күні бойғы аймақ әні,
Әппақ түн баурап алды айналаны.
Дір еткізіп шөп басын сәуле сүйген,
Жібек самал қыр төсін аймалады.
Жарқын түнім, құмарлық сәттерімен,
Күлкі таптым, қойныңды ақтарып ем.
Мол шырақтар көктегі жатқандай ма,
Тіл табысып мұнара оттарымен.
Маңғаз тауды ай төнген желкесінен,
Сүйкеп өтті көшпе бұлт өркешімен.
Жан сезімін тербеген әнші торғай,
Арайлы ақ түнімнің еркесі ме ең.
Бір қиял тартады алға асықтырып,
Көңілдің дариясын тасыттырып.
Жат қылған жабырқауды қайран өмір,
Мені өзіңе қойдың –ау ғашық қылып.
Ауыл кеші
Көк айдын көлбей жүзген жырақ қалып,
Алып күн ұясына құлапты анық.
Табиғат сыйын алып, сән түзеді,
Тұлғасын кешкі нұрға қырат малып.
Жетуге мекеніне бола ма асық,
Алысқа ақша бұлттар барады асып.
Сал жігіт-самал да жүр бойжеткеннің,
Қолынан орамалын ала қашып.





Пікір жазу