26.07.2022
  85


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

ТҮЛЕГЕН ТҮБЕК.

Өгейлік көріп, өзегің талған тірліктен,
Замандар өтті төсіңде тұлпар дүрліккен.
Ал бүгін саған тігеді әлем жанарын,
Аймалап барлық нұр біткен.
Десеңші қандай мазасыз мына шақтарың,
Думанмен қарсы ап күніңнің әрбір ақ таңын,
Ғасырлар күйін шертеді мұнаралар мен
Зауыттар, комбинаттарың.
Ерліктер қанша жасалып сәтте қас-қағым,
Жасампаз қолмен жазылып жатыр дастаның.
Ертеңің үшін қияға талмай жүр самғап,
Жарқын жүз замандастарым.
Тылсыммен терең тілдесіп жүрген-күреп кен,
Тұлғаңа мынау ынтызар, ыстық жүрекпен,
Солар ғой шөлге қалалар көркем орнатып,
Денеңді тұтас гүл еткен.
Есімің, өлкем, жүректе небір жатталған,
Өзің деп қана айтады әсем бақтар да ән.
Көнермес сенің көркіңді жүрмін армандап,
Көрсем деп болашақтардан!
Маңғыстау
Талай ғасыр мылқау жатып, ат тұяғы таптаған,
Кең даланы жаңғыртуды еншісіне апты адам.
Мұң қарыған жүректерін өксіп өтті-ау бабалар,
Қиял етіп, жақсы күнді көңілінде жаттаған.
Шулы теңіз толқынындай тулап бойда жаңа арман,
Көз тігемін құмарлықпен бұл өңірге жаңарған.
Көкте жүзген ақша бұлтты сырлас қылып мұнара,
Арман болып шақырады алау оттар тап алдан.
Табиғатқа ерік беріп мұнда қашан тоқтады ән?,
Саған деген махаббатсыз менде бір таң атпаған.
Сенің жыршы құсың болып жер жәннәті, Маңғыстау,
Анау нұрлы аспаныңа ұшуға мен шақ қалам.





Пікір жазу