БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАНЫМ
Сексен бесте мен бүгін
Қарт ақынмын көнерген.
Халқым «сөйле» дегенде
Жерім жоқ, сірә, бөгелген.
Кызмет еттім халкыма
Тіліме біткен өнермен.
Октябрь таңы атқасын
Жоғары шықтым төменнен.
Сол күнде шықтым жарыққа
Казықтаулы көгеннен,
Советтік Казақстанның
Шалқыған шалқар байлығын
Жырлаймын талай өлеңмен
Ақынымын дәуірдің
Құрметіне бөленген...
... Қазақ халқы ежелден
Езгіде жүрген ел едік,
Қараңғыда қарманып,
Азып-тозып адасып
Жол таба алмай бөгеліп,
Сұм патшаның тұсында
Қытымыр заман – қысымда
Қайғы мен қапа жеп едік,
Хан мен патша, бай мен би
Жарлыны көзге ілмеді,
Ілгері басқан қадамын
Кейін қарай күрмеді.
Кедей қойдың соңында
Өлсе де байдың жолында,
Жұпыны, жыртық күн көріп
Шөлдеген ерні кезерді,
Жарлыға бай қожа боп
Иыққа мінді асылып
Октябрь таңы аткан соң
Қазақ та еркін ел болдық
Бастағы тұман ашылып,
Орнаған соң жаңа өмір
Байтақ елге бақ қонып
Өнеріміз өрледі
Ұлы ұлттарға теңеліп.
Қазақстан қатарға
Отау болып қонғалы,
Одақтың он бес бірі боп
Жылдан жылға көркейіп
Қырық жылға толғалы
Байлық пен бақыт орнады,
Еңбекші барлық халықтың
Болып отыр осы күн
Компартия қорғаны,
Ленин-көсем көрсеткен
Бағытқа дұрыс жолдады,
Бір біз емес, басқа да
Езгіде жүрген елдердің
Осы нұрлы жолменен
Теңдікке жетті қолдары...
... Міне бүгін қарасам
Нұр жайнаған елім бар,
Өркендеген өмірлі
Өндірісті жерім бар,
Апшымайтын алғанға
Жер астында кенім бар,
Ембіден ақса мұнайым,
Қарағанды жерінде
Қалың жатқан көмір бар,
Теміртау мен Балқашым,
Қостанайда қорланып
Тұтасып жатқан темір бар,
Шымкентімде қорғасын,
Балқашым мыс балқытқан,
Қарсақбайда жезім бар,
Бал татыған балығы –
О да көптің азығы –
Арал, Каспий көлім бар.
Бірінші тың атанған
Алып берген астықтан
Тыңға салған егін бар,
Миллиард пұт Отанға
Беріп тұрған жылма-жыл
Егіннен мол өнім бар,
Мол егінді игерген,
Техниканы меңгерген
Есімін еңбек шығарған
Мың-мыңдаған ерім бар.
Екінші тың атанған
Ұлан-байтақ даламда
Алып жатқан малым бар,
Малдан өскен төлім бар,
Жетіжылдық жоспарды
Мерзіміне жеткізбей
Орыңдауға ұмтылған
Серпіні күшті көңіл бар
Үйткені бүкіл елімде
Жеңіске жігер беруші
Арысым бар, белім бар.
1960 жыл